Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Щучьедегі студент өлімі: 11 айыпталушының ісі жабық қаралып жатыр

Бурабай аудандық сотында Щучьедегі студентке қатысты өзін өзі өлтіруге дейін жеткізу ісі қаралып жатыр. Тергеу барысында 11 айыпталушы анықталды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Фото: Tirazh.kz Instagram-парақшасынан

Ақмола облысы Бурабай аудандық соты БАҚ өкілдеріне брифинг өткізді. Брифингте сот төрағасы Әсел Әбімұратова бопсалау, бұзақылық және кәмелетке толмаған баланы өз өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу бойынша айып тағылып отырған 11 сотталушыға қатысты атышулы қылмыстық іс бойынша тергеу барысын айтты.

Әсел Әбімұратова айыпталушыларға қандай айып тағылғанын, іс бойынша сот отырыстары қалай өтетінін, сот отырысы кезінде кәмелетке толмаған процеске қатысушылардың құқығы мен мүддесі қалай қорғалатынын түсіндірді.

"Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 29-бабына сәйкес кәмелетке толмағандардың қылмыстық құқық бұзушылықтары туралы істер бойынша, сондай-ақ жәбірленушінің, куәның немесе іске қатысатын басқа да адамдардың, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерінің немесе жақын туыстарының қауіпсіздік мүдделері талап етілген жағдайларда жабық сот талқылауына жол беріледі", – делінген хабарламада.



Бурабай аудандық соты Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 532-бабы ережелеріне сәйкес қылмыстық іс жүргізудің барлық сатысында кәмелетке толмаған сотталушының құпиялылық құқығын сақтауды көздейтінін айтады.

Сот өкілі үкім жарияланып, көпшілікке түсіндірілетінін мәлімдеді. 

Еске салсақ,  7 қазанда Ақмола облысында теміржол рельстерінен студенттің мәйіті табылған еді. Роман Бодаговтың денесі Бурабай-Жамантұз курорты аралығындағы теміржол жолдарынан табылған. Ол жоғары техникалық колледждің 4-курсында оқыған. 

Талқылау