Шетелге жұмыс іздеп барған қазақстандықтар алданып қалды
Шетелге жұмыс іздеп кеткен бір топ шымкенттік сан соғып қалды. Жоғары жалақы мен тұрақты жұмыс орнын дәметіп барғандарды басқа емес, өз жерлестері тақырға отырғызыпты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия арнасына сілтеме жасап.
Енді олар кінәлі адамды сыбайласымен бірге жауапқа тартпақшы. Прокуратура мен полицияға арыз түсіріпті. Ал, бұларды шетелге жіберген жанның заңды өкілі, клиент пен компания арасындағы келісім орындалды деп отыр.
Виктор Ткалич жекеменшік туристік фирмадан зардап шектім дегендердің бірі. Ол осы жылдың ақпан айында Біріккен Араб Әмірліктеріне солардың ұсынысымен жұмыс іздеп барыпты. Компания клиентке 5 бағыттағы қызметті ұсынып, соның біреуіне орналастырып беруге уәде еткен екен. Әрі бұл қызметі үшін 1200 АҚШ доллары мен қосымша 85 мың теңге қызмет ақысын сұраған. Клиент қаржысын төлеген. Алайда, шетелге барғанда екі ай сандалып, болмаған соң кері қайтқанын айтады.
"Туристік фирма маған шетелде қызмет көрсету саласы бойынша 5 түрлі жұмыс бар деп айтты. Жатын орны мен тамағын қоса есептегенде айлығым 1500 АҚШ долларынан кем болмауы тиіс болатын. Сондықтан, мен келістім. Сұраған ақшасын төледім. Өкінішке қарай, ол жақта бізге уәде етілген бірде-бір бос жұмыс орны ұсынылмады. Есесіне, күнделікті ас-ауқат пен жатын орнымызды қалтамыздан төлеп отырдық", - дейді Виктор Ткалич.
- Қазақстанда 2020 жылы сұранысқа ие болатын мамандықтар аталды
- Жақсы түйіндеме: Түйіндемені қалай жазу керек
Шетелден миллиондаған табыс таппақ болған Гүлчехра Саидова фирма талап еткен ақшаны банктен алып беріпті. Жанындағы серіктерімен ілесіп, Әмірліктерге ол да барған. Бірақ, жұмыс таппай, бірнеше күн бес-алты ер адаммен бірге екі бөлмелі пәтерде құр босқа жатқанын айтады.
"Басында маған қонақ үйде тұрасың деген. Бірақ, берген жоқ. Барған соң, баласы мен өз бөлмемді бермеймін деді. Сен қазірше бізбен тұра тұр. 2 төсекте Витя екеуі жатқан-тұғын. Жанында бір диван бар еді, соған жатып ұйықтай бер деді. Кейін мен ұрсыса бастағанда, мені басқа жерге қуып жіберді", - дейді Гүлчехра Саидова.
Алданған азаматтардың әрқайсысы Әмірліктерге барып-қайтқандары үшін 2500 АҚШ долларынан айырылғандарын айтады. Осы күні қаржыларын қайтара алмай жүр. Абай аудандық полиция басқармасына және прокуратураға компания басшысының және оның заңды өкілінің үстінен арыз түсіріп үлгерген. Заңды өкілі басшының туған анасы екен. Бірақ, олар клиент пен компания арасындағы келісім толық орындалғанын алға тартып отыр. Екі жақты келісім ішінара жүзеге асты дейді.
"Тексеру органдары бар, мен жауап беруге әзірмін, себебі, барлық құжаттар қолымда дайын тұр. Бірден айтайын, адам шетелге ұшып шықты 28 күнге. Бірақ, мен ешқайсысына жұмыс тауып беремін деп уәде еткенім жоқ. Тек, көмектескім келді", - дейді туристік фирманың заңды өкілі Зухра Арзиева.
Шағымдаушылардың сөзінше, дәл осы фирмадан жапа шеккендер саны әзірге жеті адам екен. Тағы көбеюі мүмкін дейді. Себебі, әлеуметтік желіде олар қол жинап жатқан көрінеді. Ал, полиция бұл дауға қатысты әзірге ресми ақпарат берген жоқ.