Шерзат Полат ісі бойынша куәгер қыздардың бірі қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін
Фото: Stan.kz / Куәгер Эльмира Нұрбекова
Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс бойынша басты куәгер саналатын Эльмира Нұрбекованың сот отырысы кезінде жағдайы күрт нашарлап кетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Куәгер Эльмира Нұрбекованың адвокаты оның жағдайы сот залында нашарлағандықтан қорғауындағы адамды медициналық мекемеге жеткізуге рұқсат сұраған.
"Нұрбекованың жағдайы нашарлады, бізге шұғыл түрде ауруханаға бару қажет", – деді адвокат.
Судья өтінішті қанағаттандырып, оған сот залынан шығуға рұқсат берді.
Эльмира Нұрбекова екі күн бойы жауап берді, алайда оның айтқандарында қайшылықтар байқалды. Сот тергеу барысындағы көрсеткен куәліктері мен соттағы айтқандары арасында айырмашылықтар бар екенін атап өтті. Тергеу кезінде Нұрбекова айыпталушының қолында қаруға ұқсас затты көргенін айтса, сотта мұндай нәрсе байқамағанын мәлімдеді.
Жәбірленушінің қорғаушысы Мейірман Шекеевтің айтуынша, оқиға орнында болған куәгерге қатысты қылмыстық іс қозғалу ықтималдығы бар.
"Ол Қылмыстық кодексінің 420-бабы (Сарапшының, маманның көрiнеу жалған айғақтары, қорытындылары немесе қате аударма) ойынша қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін. Біз сот аяқталғаннан кейін немесе үкім шығарылған соң тиісті өтініш береміз. Мүмкін сот оның іс-әрекетіне қатысты шара қабылдайды", – деді адвокат.
Шекеевтің сөзінше, тергеу барысында Нұрбекова оқиға жайлы егжей-тегжейлі мәлімет берген. Бұл оның сотта шок жағдайында болғаны туралы мәлімдемесіне күмән келтіреді.
"Тергеу кезінде Нұрбекова қойылған сұрақтарға анық жауап беріп, қазақ тілінде еркін сөйлеген. Алайда сот отырысында қазақ тілінде жауап бере алмайтынын мәлімдеді. Сонымен қатар оның айтқандары бірнеше рет өзгерген", – деп атап өтті адвокат.
Шерзаттың ісі: Куәгер Жақсыкелді сотталушының энергетикалық сусынмен пышақтың жүзін жуғанын айтты
Шерзат Полаттың өліміне қатысты куәгер мылтықтың қайдан пайда болғанын айтты
Еске салайық, бұған дейін 2024 жылдың 4 қазанына қараған түні Талғар қаласында топтық төбелес болып, оның салдарынан 16 жастағы Шерзат Полат қаза тапқан еді. Оқиға куәгерлері атыс дыбыстарын естігендерін айтты. Талдықорғанда 16 жастағы Шерзат Полаттың қаза болуына қатысты іс бойынша сот жалғасып жатқанын жаздық. Бүгінгі сот отырысына марқұмның ата-анасы келмегенін де хабарладық.

"Дәрігерлер ішіңдегі балаңды алдыр деді": Астаналық азамат екі бүйрегі де істен шыққан әйелінің еміне көмек сұрайды
