"Шектен шықты": Ер адам келінін пышақтап, денесін бөлшектеген
Түркияда 67 жастағы ер адам келінін өлтіріп, денесін бөлшектегені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылды деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі T24 басылымына сілтеме жасап.
Сот 14 наурызда 67 жастағы Фехми Адсызға үкім шығарды. Ол 30 жастағы қырғызстандық келініне қастық жасады. Зейнеткер келінін пышақтап, содан кейін бензопиламен денесін бөлшектеген. Әйелдің денесінің бөліктері сотталушының көлігінен және үйдегі қоқыс жәшігінен табылды.
Сот зейнеткерді "қасақана кісі өлтіргені" үшін кінәлі деп тауып, оны өмір бойына бас бостандығынан айырды.
Фехми Адсыздың айтуынша, келіні балаларын үнемі ұрып-соғатын. Бұл отбасындағы қақтығыстарға себеп болды.
“Қой, арты жаман болады” деп ескерту жасадым, бірақ ол шектен шықты”, – дейді қаскөй.
2021 жылы 12 қазан күні кешке Адсыз жұбайын немерелерімен серуендеуге жіберген де, өзі келінін пышақтаған. Серуеннен оралған жұбайы келінінің өлгенін көріп, полиция шақырады.
Адам өлімі кезінде марқұмның күйеуі жұмыста болған. Ерлі-зайыптылардың екі баласы бар.