Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Шекарашы оған тез қашып кет деп айтқан": Өмір бойына сотталған Владислав Челах президентке хат жазып, істі қайта қарауды сұраған

2022 жылдың наурыз айында өмір бойына бас бостандығынан айырылған Владислав Челах Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, істі қайта қарауды сұраған. Челах 12 беттен тұратын хатында өзі куә болған, алайда сотта айта алмаған деректерді жазған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Азаттық радиосына сілтеме жасап. 

Челах

Владислав Челах 2012 жылы Арқанкерген шекара бекетіндегі қырғынға кінәлі деп танылып, өмір бойына қамалған еді. Сот үкімі оқылған кезде Челах небәрі 20 жаста болған. Қазір ол Қостанай облысы Жітіқара ауданындағы "Қара бүркіт" мекмесінде жазасын өтеп жатыр. 

Сот процесінен кейін Владиславтың анасы Ресейге көшіп кеткен. Ал қаза тапқан шекарашылардың отбасы журналистермен байланысын үзген. 

Тергеушілер ұсынған мәліметке сәйкес, Челахтың қолына қару алуына "ішкі жанжал" себеп болған. Түн ортасында ол шекарашыларды өлтіріп, казарманы өртеп жіберген. Ал өзі қойшының үйінен табылған. 

Дегенмен атасы бұл айыптармен келіспейтінін айтады. Сөзінше, немересі әскерде жүріп жазған хаттарында шекарада қызмет еткені үшін қуанатынын айтқан. Қолындағы хаттарды тергеу кезінде ұсынғанымен, елеусіз қалды дейді Владимир Челах.

Владимир Челах 29 наурызда немересімен кездесуге барған. Бір жылда екі сағаттан үш рет қана кездесуге, және үш рет сәлемдеме беруге рұқсат беріледі екен. Туыстарымен таксофон арқылы сөйлеседі. Атасының сөзінше, Владислав Қылмыстық кодексті жаттап алған, метеоролог мамандығын аяқтап, беріп жіберген кітап арқылы грек тілін меңгерген. Көп оқып, шығармашылықпен айналысады. Сурет салып, қамырдан түрлі заттар дайындайды дейді. 

"Бекем болуға тырысып, үмітін үзбей келеді. Бірақ жақындарымен кездесуден кейін жылап қалатынын естідік. Сондықтан туыстары ауырып қалса, айтпаймыз. Ай сайын ақша жіберемін. Ол дәмді тағам, шығармашылыққа қажетті заттар сұрайды, кейін жасаған дүниелерін бізге жібереді. "Ата, жасаған жақсылығыңның өтеуін осылай ғана қайтара аламын" деп айтады", – дейді Владимир Челах.



Сот шешіміне сәйкес Челах қаза тапқан төрт шекарашы мен орманшының отбасыларына бес миллион теңгеден өтемақы төлеуге міндеттелген. Сонымен қатар әскери бөлімге өтемақы төлеп, сот сараптамасының ақысын қайтаруы керек. Өтемақылардың жалпы құны 800 миллион теңгеден асады. Атасының сөзінше, Владислав "ешкімді өлтірмегенін айтып", өтемақы төлеуден бас тартқан. 

Владимир Челах немересін көріп, тергеуге қатысу үшін әскери бөлімге барғанында Владиславтың аяғы түгел көгергенін, тырнақтары дәкемен оралғанын, бүйрегі ауырып отырғанын көрген. Кейін Владислав бүйрегін үш жыл бойы емдеткен. Атасы "Немеремді бүйрегінен әбден тепкілеген" дейді.

Челахтың туыстары көп сұрақтың жауапсыз қалғанын айтады. Қорғаушы бекетке шабуыл жасалғанын, оқиға орнында шетелдік оқ гильзаларының табылғанын айтқан. Сонымен қатар ғимаратты өртеу үшін напалм пайдаланылған дейді, өйткені брондалған сейф пен төсектер балқып кеткен. Алайда бұл деректер назарға алынбаған.

"Владиславтың сөзінше, көрші заставамен байланыс үзілген. Байланысшы болғандықтан, тексеруге барған. Жақындаған кезде Ағанас оған "Қаш, бізге шабуыл жасалды!" деп айқайлапты. Осы сәтте маңдайына оқ тиген. Кейін пышақ жарақаты болғаны да анықталды. Кереев құжаттар, ноутбук пен картаны беріп үлгерген. Влад шабуыл жасағандардың оның артынан да қуғанын айтты. Немерем жартастың астына тығылған, дауыстарын естіпті. Бір тәулік тауда тығылған соң, көрші заставаға қолындағы заттарды беріп үлгеріпті", – деді Владимир Челах. 

Челахтың атасы немересін қыстаққа апарып, азаматтық киім бергенін мәлімдеді. Сонымен қатар Владиславты әскери полиция емес, Ішкі істер министрлігі алып кеткенін атап өтті. 

Айта кетейік, 2012 жылы 4 маусымда Владислав Челах Арқанкерген шекара бекетінен 24 шақырым жерде орналасқан қыстақтан табылған еді. Челахтың қолында бірнеше ұялы телефон, ноутбук, Кереевтің табельді қаруы, 12 мың теңге болған. Ресми ақпаратқа сәйкес, шекара бекетінде 14 шекарашы мен орманшы қаза тапқан. 

Талқылау