"Шариғат көп әйел алуды құптамайды": Құран аудармашысы Қазақстандағы тоқал алу туралы мәлімдеме жасады
Белгілі публицист, Құранды орыс тіліне аударған автор Серік Рысжанов Қазақстандағы кейбір "діни" әдет-ғұрыптарға қатысты бірқатар мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: time.kz
Баспасөз мәслихатында "тоқал институты" туралы айтқан Серік Рысжанов көп әйел алуды заманның қалдығы деп атады. Оның айтуынша, шын мәнінде исламда көп әйел алу құпталмаған.
“Көп әйел алу туралы айтсақ, бұл – архаизм және өткен заманның қалдығы. Құранды мұқият оқысақ, екі, үш және төрт әйел алуға болады. Бірақ белгілі бір шарты бар. "Әділ болмаймын деп қорықсаңыз, біреуіне үйленіңіз" делінген. Бұл анық айтылған”, – деді Серік Рысжанов.
Серік Рысжановтың айтуынша, егер ер адам әділ болмаса, төрт әйел алуға рұқсат етілмейді, тек бір әйел алады.
“Төртінші сүренің 129-аятында Жаратушы "Бірнеше әйелге адалдық таныта алмайсыңдар, тіпті талпынсаңдар да" деп айтқан. Ер адам әділ болмайтындықтан, ол біреуге үйленуі керек деген шарт автоматты түрде қосылады. Негізі Құран көп әйел алуды құптамайды, өйткені ер адам әділ бола алмайды", – деді ол.
Сонымен қатар қасиетті кітаптың аудармашысы Қазақстанда шариғат заңдарын насихаттайтын діни бірлестіктердің қызметіне белсенді түрде тыйым салу керегін айтты.
Елімізде азаматтар тек заңға бағынуға тиіс екенін айта келе, діни бірлестіктер мемлекеттік құрылымдарды алмастыра алмайтынын жеткізді. Ол қолданылатын және таратылатын барлық материалға, әсіресе, азғындық үшін әйелдерді "таспен ұру" сияқты жазаларға қатысты материалдарға аудит жүргізуді ұсынды.
"Бұл шариғат заңдарының бәрі әлі күнге дейін оқытылады, қазіргі заманғы әлеуметтік заңдарға тікелей қарама-қайшылық бар. Мемлекет мұндай ақпарат түріне тыйым салуы керек, өйткені ол мемлекеттің қауіпсіздігіне тікелей қатысты. Мемлекеттің заңдарына қарасақ, олар негізінен Құран құндылықтарына сәйкес келеді. Құранда айтылмаған ескі заңдарға тыйым салу арқылы біз мүміндерге де, сенімге де қарсы емеспіз. Бұл экстремизмге негізгі тыйым болады", – деп түйіндеді Серік Рысжанов.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанның жеті азаматы мен бір шетелдік діни-экстремистік ұйымның қызметін ұйымдастырғаны және оған қатысқаны, сондай-ақ терроризмді насихаттағаны үшін сотталған еді. Тергеу сотталғандардың "айналасындағылардың арасында идеологияны таратқаны, зайырлы өмір салты мен конституциялық құрылысқа өшпенділік тудырғанын" анықтады. 15 наурызда президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтар мемлекетіміздің зайырлылық мәртебесін жан-жақты нығайтуы керек екенін түсіндіріп, үстіне "қара жамылғандарға" қарсы шықты.