Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шағын қаладағы табысты бизнес: Талдықорғандық жас кәсіпкер өз ісін қалай өркендетіп отырғанын айтты

Талдықорған қаласының тұрғыны Ерлік Жақсылықов биыл мамыр айында Аграрлық кредит корпорациясына өтініш білдіріп, микрокредит алды. Ол ағаштан астау жасаумен айналысады. Қазақы нақыштағы оюлармен көмкерілген астауларға сұраныс көп. Айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстанның өңірлерінен бөлек, Қырғызстаннан, Қытайдан тапсырыс қабылдайды. 

Сурет Ерлік Жақсылықовтан

34 жастағы Ерлік Жақсылықов аз ғана уақытта мұндай жетістікке қалай қол жеткізіп отырғанын айтты. 

"Мен әлеуметтік желіден кәсіп бастап жүрген жастарға микрокредит берілетінін оқып қалдым. Шарттары туралы біліп, ұнаған соң Аграрлық кредит корпорациясынан кеңес алдым. Құжаттарымды жинап, өтініш беруге бір айдай уақыт кетті. Комиссия шағын несие беру туралы шешім қабылдады. 5 миллион теңге микрокредит өзім ашқан жеке кәсіпкерліктің шотына түсті", - дейді ол.

Ерлік астау жасаумен бұрыннан айналысса да мұның алдында қазіргідей көп тапсырыс алып көрмеген.

"Менің бұл кредитті алу себебім – бізге екі станок алу керек болды. Ол тұтынушы көңілінен шығатындай астауларды жылдам жасап шығуға көп көмегін тигізіп жатыр. Енді біздің астаулар жаңа дизайнмен, бұрынғыға қарағанда сапалырақ болып шығуда. Ол әрине, жаңадан сатып алынған станоктарға байланысты", - дейді Ерлік. 

Сурет Ерлік Жақсылықовтан

Ерлік Жақсылықов қазір екі адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр, тағы екі адамға жұмыстың қыр-сырын үйретіп, болашақта жұмысқа алмақшы. 

"Талдықорған сияқты шағын қалада халық саны аз болғандықтан жұмысшы табу қиын. Мен мансап орталығына да барып, өтінім беріп кеттім. Жан-жаққа хабарландыру бердім. Көбінесе үлкен кісілер келеді, бірақ біздің жұмыс ол кісілерге ауыр болғандықтан, жастарды алуға тырысамын", - дейді жас кәсіпкер.

Сурет Ерлік Жақсылықовтан

Талдықорған қаласының тұрғыны кәсібін дөңгелету үшін алған шағын несиені жылына 2,5 пайызбен ғана қайтарады. 

"Микрокредит шарттары барынша жеңілдетілген, алғашқы 1,5 жыл каникул берілді. Төлемі жылына бір рет. Бес жылға рәсімдеп алдым", - дейді ол.

Ерліктің айтуынша, шағын қаладағы кәсібі жақсы табыс әкеліп жатыр.

"Астауларымызды өткізу, сату жағынан мәселе жоқ. Көбінесе бізге тойханалар, мейрамханалар ірі көлемде тапсырыс береді. Қазақстанның кез келген облысына, тіпті Қырғызстанға, Қытайға да жібереміз. Одан бөлек көтерме бағамен алып сататын тұтынушыларымыз жетерлік", - дейді кәсібі туралы талдықорғандық тұрғын.

Сурет Ерлік Жақсылықовтан

Ерліктің астауларының орташа бағасы – 10 мың теңге шамасында, ал ең арзаны  3000 теңгеден басталады екен. Шағын қалада өз кәсібін ашып, оны дамыту үшін мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрген жас кәсіпкердің алдағы уақытқа қойған жоспарлары көп.

Сурет Ерлік Жақсылықовтан

"Біздің астаулар таза ағаштан жасалады. Қазіргі таңда кепкен ағаштың бір кубы 250 мың теңге тұрады. Біз қазір ағашты басқа жерде ақысын төлеп, кептіріп жүрміз. Алдағы уақытта ағаш кептіретін жабдық сатып алсақ деген ой бар. Мақсатымыз – кепкен ағашты қымбатқа сатып алмай, өзіміз кептіріп, өзіміз қолдануға да, сатылымға шығаруға пайдалану. Сонда біз астау ғана емес, жиһаз жасауға, бизнесті кеңейтуге мүмкіндік болады", - дейді Ерлік Жақсылықов. 

Талқылау