Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сүйген қызынан бас тартқан: Келініне үйленген Түркістан облысының тұрғыны жағдайды түсіндірді

Түркістан облысы Бәйдібек ауданында қайнағасы мен келіні әмеңгерлік жолмен бас қосты. Жеңіс Сейдеханов пен оның келіні Сандуғаш Садық қазір бір отбасы болып балаларын тәрбиелеп отыр. Ер адам мұндай қадамға неліктен барғанын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Қыздар-Ай" бағдарламасында сілтеме жасап хабарлайды. 

Жеңіс Сейдехановтың өз бауырының балаларын бауырына басып, оларға қамқорлық көрсету мақсатында осындай қадамға барған. Ол өзі ұнатқан қызбен қатынасын үзіп, келініне үйлену туралы шешім қабылдаған.

"Інім Астанадан көлік алып келіп, ауылда бір аптадай айдады, өкінішке қарай, көлік апатынан қайтыс болды. Келініміз інімнің қырқы өткенге дейін үйде болды да, сонан соң төркініне кетті. Арада екі бала бар. Інімнің жүз күндік асын бергенде анам немерелерін қатты сағынды. Барып келеміз бе, алып келеміз бе деп қайта-қайта айтатын. Сонан соң анама қазақтың әмеңгерлік дәстүрімен үйлену туралы ұсынысты өзім айттым", – дейді Жеңіс Сейдеханов.

Ол сезім емес, бауырларының маңызды болғанын айтты. Әйтпесе ол кезде сүйіктісі де болыпты. "Мән-жайды толық түсіндіріп, оған бақыт тіледім" деп отыр.

"Маған сезімнен бұрын екі бауыр қажет болды. Екеуін жәутеңдетіп, жат жұрттық еткім келмеді. Жүріп жүрген қызыма мән-жайды айтып түсіндірдім, негізі екеуміз үйленеміз деп те келіскенбіз, бірақ жағдай осындай болды. Ол кейін ғана түсінді", – дейді кейіпкер.

Ер адамның бұл әрекетіне көпшіліктің пікірі әртүрлі. Біреулер оны қолдап, інілерін бауырына басқанын құп көрсе, екінші тарап мұндай дәстүрді тозған деп бағалап, келінін әйел етіп алу арсыздық деп жазып жатыр.

Талқылау