Серікбол Сайлаубек: Бір көзім көрмейді, Алла бір көз бермесе де халықтың ықыласын берді, соған шүкір
Әнші Серікбол Сайлаубек өнерге қалай келгенін, өзі мен отбасы жайлы айтып өтті. Бала күнгі естеліктерімен бөлісті.
– Серікбол, сізді «қазақтың Грегорий Лепсі» деп жатады. Бұған қалай қарайсыз? Шынымен, соған сіз еліктейсіз бе? Әлде, кез келген өнер адамы ел алдына шығарда өзіне үлгі етіп алған образы бола ма?
– Менің Лепсқа ешқандай қатысым жоқ. Мүмкін ел-жұрт бойымыздағы бір қасиетті, ән айту мәнерімді не болмаса дауыс ырғағымызды ұқсататын болар. Содан кейін де еліктейді деп ойлайтын шығар. Бірақ екеуміз екі бөлек адамбыз, стиліміз де бөлек. Шынымен, оның әндері ұнайды, жиі тыңдаймын. Бірақ соған еліктеген емеспін. Менің өз бағытым, дара жолым бар.
– Сізді бүгінде әнші ретінде ел-жұрт жақсы біледі, таниды. Бірақ әншілікке «дәулетті аға-көкесінің арқасында келді» дейтіндер де жетерлік. Осы әншілік сізге қаншалықты қажет?
– Көп жерде мені солай көрсеткісі келеді. Өз басым, қарапайым отбасынан шыққан Сарқанттың тумасымын. Асып-тасыған ештеңем жоқ. Төрт қыздан кейін жалғыз ұл болған соң, еркелік те болды. Бірақ сол кездің өзінде Майкл Джексонды билеп, үйде ән айтып жүретінмін.Оның үстіне, бір көзім көрмейді. Бала кезімде соған бола балалар «соқыр» деп мазақтап, шеттететін. Сонда баласың, «неге мені бәрі мазақтайды» деп ойлайсың, көңіліңе келеді. Ер жетсең де соның салқыны әлі күнге дейін сезіледі. Біріншіден, осы сөз намысымды оятты. Қайтсем де, әнші боламын деген мақсатым болды. Оған қоса, сахнаның киесі бар. Алғаш 2007 жылы Республика сарайына шыққанымда аяғым дір-дір етіп, қара терге түскенім бар. Осы нәрсе артистің есінен кетпейтін сәттің бірі.
Екіншіден, ауылдан келгенде барлығы секілді оқуға түстік, емтихан тапсырдық, күн көрдік. Қазақ болған соң, ағайын-туған бар. Олар көмектеспеді десем, өтірігім болар. Құдайға шүкір, туыспен және достың арқасында осы күнге жеттім. Ағайын-туғанмен, достарыңмен мақтанбағанда басқа кіммен мақтанасың?! Бір сөзбен айтсам, маған өз халқым, қазағым көмектесті.
– Естуімізше, ауыл-аймақты аралап, тегін концерт беріп жүр екенсіз. Неліктен тегін концерт бересіз?
– Өзгелер туралы жауап бере алмаймын. Бала кезімде біздің ауылға бір топ әншілер келіп, концерт қойған болатын. Ол әншілер қатты танымал да емес. Балалығым болар, соларды құдайдай көрдім, концертін көргім келді. Бірақ қалтамда ақшам болмай, оған кіре алмадым. Адамды ақшасы жоқ екен деп бөліп-жаруға болмайды. Ақшасы бары қызық көріп, жоғы сыртта қалу керек пе деген маған ой алып, жүрегіме тиді. Сол кезде «ертең әнші болғанымда, тегін концерт беремін» деп өз-өзіме сөз бердім. Ұмтылыс содан басталып, жігіттік сөзімді орындауға тырысып жатырмын. Қай ауылға барсаң да, қазағымыз соңғы лағын сойып, төбеңе шығарып күтеді. Көңілге сол демеу болады. Ешкімнен ештеңе алып жатқаным жоқ, қара-байыр халыққа әнімді айтып, батасын алып жүрген қазақтың бір қара баласымын. Ел арасында дүниесі, ақшасы бар әншілер крутой болса, менің ондай дүние-мүлкім болмаса да, халық арасында сыйлымын. Сондықтан да «блатной» әншімін.
– Серікбол, сіз клипті көбіне шет елде емес, елімізде түсіреді екенсіз. Негізі, әншінің көбісі клипті өзге елде түсіруге тырысып жатады. Сізге де неге олай істемеске?
– Тегін концерт беріп жүрген адам клипті шетелде қайдан түсіреді?! Ол ақшаның жоқтығынан емес. Түсіремін десең, табуға болады. Намысшыл қазақпын. Клипті шетелге барып түсіргенше, осы жерде түсіріп, қалған ақшама ауыл аймақта тегін концерт беріп, балаларға салют атқызып, ауыл қарттарына шапанымды кигізгенім жақсы емес пе?! Оған қоса, біздің еліміз, жеріміз бай. Өзге елді дәріптегенше, өз елімді дәріптегенім дұрыс емес пе?!
Ауыл-аймақтарда концерт беріп жүрген жерімде «Қай жердің азаматысың?» деп еліңді, руыңды сұрап жатады. «Бөлінгенді бөрі жейді» дегендей, кезінде ата-бабаларымыз үш жүздің басын босқа қоспаған болар. Сондықтан ешкімді бөліп жармаймын. Өзін-өзі қазақпын дегеннің бәрі – менің бауырым. Бастысы, біз қазақ деген елміз, Қазақстан деген кең байтақ жеріміз бар.
– Әр адамның өмірде ұстанатын ұстанымы бар. Сіздің өмірлік қағидаңыз қандай?
– Қазақ елінің ақшасын емес, батасын жинаған адаммын. Өз басым, атақ-даңқ, дүниенің артынан қуып жүрген азамат емеспін. Қазағымның көктегенін, көгергенін тілеймін. Халқымның ауызбіршілігі болғанын қалаймын. Бір-біріне тіреу болып, бір-бірінің жыртық жеріне жамау болса деймін. «Бұл өмірде келетіндерің бар, кететіндерің бар, соны ұмытпаңдар. Бірақ өмірге келгенде іштім, жедім, көрдім, кеттім деген болмайды. Өмірге келген соң, ел-жерге, артта қалған ұрпаққа үлгі болып, тарихта қалғандарың абзал» деген жақсы сөз бар. Расымен, бір ағаштың көлеңкесі бір-ақ адамға көлеңке болса, біз бірігіп орман болайық. Сонда, елге, жерге қорған болар едік.
– Төрт баланың әкесісіз, бала тәрбиесі жайында не айта аласыз?
– Балаларыма қатал емеспін, «әйт» дейтінім бар. Өскенде «кім боласың?» деп жатады, осы – біздің қателік. Міне, осы сәттен бастап, біз оны дүниеқұмарлыққа тәрбиелейміз. Осының салдарынан күн санап қарттар үйі, жетімдер үйі саңырауқұлақтай қаптап жатыр. Баланың кім болатыны – бірінші Алланың қолында. Екінші, адам қалаған нәрсесіне ұмтылса, сонысы болады. Біз, бастысы балаға мейірім беруіміз керек. Әке-шешенің мейірімі болса, бала да жанашыр болады, жаманшылыққа бармайды.
– «Бір көзім көрмейді» деп қалдыңыз. Ол сырқатыңыз бұрыннан бар ма? Сіздің көзілдірік тағып жүргеніңізге қарап, көпшілігі сахналық стиліңіз деп ойлайды.
– Туғанымнан бір көзім көрмейді. Әкем Алладан «бір көзі соқыр болса да бір ұл берші» деп сұраған екен. Кім біледі, сол кезде тілеуі қабыл болып қалған шығар. Өмірге 5 келі, 200 грамм болып келдім. Мүгедектік бойынша зейнетақы аламын. Негізі, Кореяға барып емдетем бе деген ой болған. Бірақ алдымен өзімізде қаралып көрмекшімін. Мүмкін осының арқасында әнші болған шығармын. Алла Тағала бір көз бермесе де, халықтың сүйіспеншілігін берген. Аллаға шүкір, адамбыз, бала-шағамыз бар, бақыттымыз.
– Серікбол Сайлаубек болып шықпай тұрғаныңызда, Қайрат Нұртас екеуіңіздің «пышақ ұстап, «сұғып алайын ба?» деген мастықпен түсірілген видео интернетке шығып, елді бір шулатқан еді. Сол видеоны сіз түсірдіңіз бе? Интернетке кім салып жіберді?
– Ол кезде бала болдық. Студентпіз. Екеуміз бауыр болып араластық. Әлі де араласамыз. Жастықтың буы болар, одан бері 10 жылдан астам уақыт өтті, сол нәрсе әлі ұмытылмағаны ма?! «Адамнан жасырғанды, Алладан жасыра алмайсың» дегендей, ол видеоны түсірген менмін, бірақ интернетке салғаным жоқ. Онда да ол әзілмен істелген дүние болатын. Ол кезде талай телефонымыз жоғалып, қолды болып кетті. Балалықпен ойнап түсіргеніміз рас. Бірақ сол телефонның жадында сақталып қалған екен. Бұл дүние 7-8 жылдан кейін шығып отыр. Әйтпесе, ол кезде түсіргенімізде Қайрат та, мен де танымал емеспіз. Не түсіргеніміз де есте қалмаған. Жасаған нәрсемді жасадым дейтін азаматпын. Адам болған соң сүрінеміз, құлаймыз, қайтадан тұрамыз. Бірақ біз жығылғанға жұдырық болмай, тұруына қол ұшымызды беруіміз керек. Міне, біздің тектілік – осында. Мейлі ол қазақ, орыс, америкалық болсын, бастысы – арқасүйер азамат болуы қажет. Адам баласына негізі біреуді жақсы жағынан гөрі, жаман жағы қызығырақ болады. Бұл – иманымыздың әлсірегені.
– Әншілік сізге өмірлік кәсіп бола ма? Әлде басқа шаруамен де айналысасыз ба?
– Қолдан келсе, бәрін жасау керек. Өмір болған соң, тірі адам тіршілігін жасайды. Үйде жатып алып, аспандағы жұлдызды санағаннан ештеңе түспейді, азамат болған соң, қызмет жасау керек. Келешекте ауыл шаруашылығымен айналысқым келеді. Ақшам болса, үйлері жоқ қазақтарға жер алып, үй салып берер едім.
Бүгінде бар байлығым ақша емес, ол – өнер. Сол өнерімді еліммен бөлісіп жүрмін. Қазір ізденіс үстіндемін. Себебі, әндерімнің әуенін өзім жаза бастадым. Көп ән көңілден шыға бермейді. Музыкалық біліміміз бар, аздап клавишта да ойнаймыз. Негізі, бұған дейін «Қолшатыр астында» деген әнімнің әуенін жазғанмын. Бір қызығы, ол жақсы таралды. Ыңғайсызданғандықтан ба, содан кейін жазбай кеткенмін. Енді міне, нар тәуекел деп қолға қайтадан алып жатырмын. Оның жемісін уақыт көрсетер.
– Әңгімеңізге рақмет!
Тағы да оқыңыз:
Битіп биле: Ерке Есмаханның биі желіні шулатты (видео)
Жұлдыз алғаш рет Қайратты ел алдында туған күнімен құттықтады