“Сергек” енді жаңа тәртіп бұзушылықтарды анықтайды: Компания мән-жайды айтты

"Сергек" камералары енді жол ережесін бұзғандарды ғана емес, қоғамдық орындардағы күдікті жағдайларды да тіркей алады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жүйені әзірлеушілердің мәліметінше, "Сергек" төбелесті, қауіпті әрекеттерді, адамдардың күмәнді түрде топтасуын және қараусыз қалған заттарды анықтай алады.
Егер камера қалыпты жағдайдан тыс немесе күдік тудыратын көріністі тіркесе, сигнал бірден Жедел әрекет ету орталығына жіберіледі.
Осыдан кейін полиция жанжал ушығып кетпей тұрып араласуға мүмкіндік алады.
"Мұндағы логика қарапайым: агрессия көбіне сөзден емес, әрекеттен басталады. Ол жанжалдың төбелеске ұласуынан, адамдардың күрт жиналуынан, кадрда қарудың пайда болуынан немесе көпшілік арасындағы шиеленістен байқалады. Дәл осындай жағдайлар нақты қауіп төндіреді және оларды бейнебақылау мен мінез-құлықты талдау жүйесі – Sergek VMS тіркейді”, – деп түсіндірді Sergek Group өкілдері.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда қоғамдық орындарда агрессивті мінез-құлықты анықтау үшін "Сергек" жүйесін пайдалану ұсынылған еді. Мұндай бастаманы мәжіліс депутаты көтеріп, қоғамда дөрекілік пен агрессия күшейіп, біртіндеп қалыпты құбылысқа айналып бара жатқанын айтқан. Ал енді мұндай функциялардың бір бөлігі қазірдің өзінде қолданылып жатқаны белгілі болып отыр.
"Қазақ тілі тестінен өту қиын болып кеткен": Өзбекстаннан келген қандастар азаматтық бермей жатқанына шағымданды
Оқыңыз