Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ресейлік әнші Лариса Долинаның пәтеріне қатысты оқиға Қазақстанда да қайталанды

алаяқтарға алданған әже
Фото: Видеодан скрин

Алматы облысында 74 жастағы зейнеткер алаяқтардың құрбаны болып, жалғыз үйінен айырылды. Өздерін полиция мен Ұлттық банк қызметкерлері ретінде таныстырған қаскөйлер оны "арнайы операцияға" қатысып жатырсың деп сендіріп, баспанасын нарықтан төмен бағаға сатқызған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Тамара Шинге бір айдан кейін 74 жас толады. Бұл үй зейнеткер үшін ерекше қымбат, өйткені ол осы баспанада туғанынан бері тұрып келеді. Әйелге жиі көршісі келіп тұрады. Дәл сол көршісі Тамара Иннокентьевнаның үйіне алаяқтар "көз тігіп жүргенін" айтқан. Белгісіз адамдар өзін Ұлттық банк пен полиция қызметкерлеріміз деп таныстырып, "алаяқтарды ұстауға көмектесуді" сұраған.

"Ол маған хабарландыру беру керек екенін айтып, нақты нұсқаулық берді. Үйді қандай бағаға сату керегін де өзі белгіледі. Сонымен қатар "құпияны жарияламау" туралы, яғни ешкімге айтпау керек екенін түсіндіріп, мені құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен таныстырғандай болды. "Сіз де осы істің қатысушысына айналасыз, біз алаяқтарды ұстап жатырмыз" деді", – деді Тамара Шин.

Жалған қызметкерлер зейнеткерді "үйді сатсаңыз, нағыз алаяқтарды ұстаймыз" деп сендірген. Үйді сатуға қатысты хабарландыруды да өздері жариялап, келесі күні-ақ сатып алушыны алып келген. Қаскөйлер әйелді бұл адамның "өз адамдары" екеніне иландырған. Алайда "арнайы операция" туралы ешкімге айтуға болмайтынын, әйтпесе түрмеге қамалатынын айтып қорқытқан.

"Мен оны үйімді көруге келген кезде бір-ақ рет көрдім. Баға жағынан да саудаласқан жоқпын, өйткені маған оның "өзіміздің адам" екені айтылды. Яғни, осы операцияның қатысушысы деді. Сондықтан ол қанша ұсынса, соған келістім. Бірі "8 миллион" деді, кейін "7,5 миллион" деді. Мен "жарайды" деп, келісе салдым", – деді Тамара Шин.

Зейнеткердің айтуынша, мәміле небәрі екі күнде рәсімделген. Ол асығыс болған, себебі әпкесі қайтыс болып, жерлеуге шұғыл баруы керек еді. Тамара Иннокентьевна көршісі Надежда Цхайға сенімхат рәсімдеп, ол ақшаны курьерге табыстаған.

"Олар "Жоқ, бәрі арнайы операция үшін алдын ала дайындалған. Көп арнайы органдар қатысып жатқандықтан, күнді өзгерте алмаймыз. Бүгін бәрін жасаймыз, кейін Тамараға өзіңіз түсіндірерсіз", – деді. "Жоқ, курьер келіп қойды" деді. Сондықтан мен бұл жерде қандай да бір сендіру немесе гипноз болды деп ойлаймын. Ол мені ақшаны курьер арқылы беруге мәжбүрледі", – деді көршісі Надежда Цхай.

Алаяқтардың айласына Надежданың өзі де түскен. Бірнеше ай бұрын ол дәл осындай схема бойынша алданып қалған. Бірақ бұл туралы ол көршісінің үйін сатуға көмектескеннен кейін ғана білген.

“Алтысы күні таңғы 10:00-де алаяқ маған қоңырау шалып, амандасып, хал-жағдайымды сұрады. Мен "жақсы" дедім. Сосын ол "Біз алаяқпыз, сіздерді алдадық" деді. Мен "Қалай алдадыңыздар?" дедім. Ол "Иә, алдадық", – деді. Мен "Бұл рас па?" дедім. Ол "Иә, рас", – деді көршісі Надежда Цхай.

Алданған зейнеткерлер полицияға арыз жазған. Туысы Владимир Тен үйді кері сатып алуға тырысқанымен, жаңа иесі келісімге келмей, мәселені сот арқылы шешуді ұсынған.

"Сот сатып алушының ұстанымын таңдады. Тамара сенімхатты жаңылысып бергенін және мәміле тиімсіз екенін ескермеді. Себебі сатып алушы үйді алаяқтар белгілеген, яғни нарықтан төмен бағамен сатып алды", – деді Владимир Тен.

Жәбірленуші мәртебесіне қарамастан, сотта зейнеткердің алаяқтардың құрбаны болғанын дәлелдеу мүмкін болмады. Екі сот процесі де үйдің жаңа иесінің пайдасына шешілді.

Алматы облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Мұхтар Мырзатайдың мәліметінше, барлық процессуалдық құжат оның алаяқтардың ықпалымен жаңылысқанын көрсетеді.

"Қазір кассациялық сотқа шағым дайындап жатырмыз. Сонымен қатар сатып алушымен келісімге келіп, мәселені бейбіт жолмен шешу мүмкіндігін де қарастырып отырмыз",  деді адвокат Мұхтар Мырзатай.

Жаңа үй иесі пікір беруден бас тартты. Адвокат пен туыстарының айтуынша, қазір полиция алаяқтарды іздестіру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Ал зейнеткер сот орындаушыларын күтіп отыр. Олар оған өз еркімен көшу мерзімін белгілейді. Алайда әйел қайда барарын білмейді.

Еске салайық, бұған дейін 85 жастағы көкшетаулық қария алаяқтарға алданып, депозиттегі ақшасы мен пәтерінен айырылды. Ақмола облыстық полиция департаментінің мәліметінше, келтірілген шығын 13 миллион теңгеден асқан. Алаяқтық нәтижесінде зейнеткер депозитте сақталған қаржысы мен пәтерінен айырылған. Анықталғандай, алаяқтық схема 2025 жылдың желтоқсанында басталған. Белгісіз біреу зейнеткерге қалалық электр желісінің қызметкерімін деп таныстырып қоңырау шалған. Алаяқ санау құрылғысын ауыстыруды сылтау етіп, жәбірленушінің жеке мәліметтерін қолға түсірген.

Айым Атамбаева
Жұма, 24 Сәуір, 2026 10:10