Арзан тұрғын үй несиесін алушылардың тізімі қайта қаралады

Қазақстанда арзан тұрғын үй несиесін алушылардың тізімін қайта қаралмақ. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мадина Әбілқасымова қазір табысы жеткілікті, қамбат ипотека ала алатын азаматтар үшін де жеңілдетілген бағдарламалардың қолжетімді екенін айтты. Сондықтан мұны тоқтату қажет деп санайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Мадина Әбілқасымованың айтуынша, жеңілдетілген ипотекалық өнімдерді әртүрлі санаттағы азаматтар ала алады. Оның ішінде нарықтық шарттармен де несие ала алатындар бар. Яғни, бұл өнімдердің нақты атаулылығы жеткіліксіз. Агенттік мұндай мемлекеттік жеңілдіктер шын мәнінде қолдауға мұқтаж, басқа жолмен ипотека ала алмайтын азаматтарға бағытталуы тиіс деп есептейді.
Сонымен қатар шенеуніктер пайыздық мөлшерлемені бастапқы жарна көлеміне байланыстыру мәселесін де талқылап жатыр. Егер азамат пәтер құнының 30%-дан астамын жинаса, онда несие бойынша артық төлем азаяды. Бұған дейін Ұлттық банкт өкілдері қазіргі нарықтағы жылдық 25%-дық мөлшерлеме адамды 10 жыл ішінде банкке үй құнынан үш есе көп төлеуге мәжбүр ететінін айтқан еді.
Бұдан бөлек, күнделікті төлемдер саласы да қарастырылып жатыр.
“Биыл шілде айына дейін елдегі барлық банктер бірыңғай QR-код жүйесіне қосылуы тиіс. Ұлттық банк осы мерзімге дейін банктердің толық қосылуын қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізіп жатыр”, – деді Мадина Әбілқасымова.
"Қазақ тілі тестінен өту қиын болып кеткен": Өзбекстаннан келген қандастар азаматтық бермей жатқанына шағымданды
Оқыңыз