Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сенатор отбасыдағы зорлық-зомбылықты жастардың "тұрмыстық өмірге дайын болмауымен" байланыстырды

Сенатор Жанна Асанова депутаттық сауал жолдап, жастарды өз бетінше өмір сүруге дайындау мақсатында мектеп бағдарламасына өмірлік дағдылар бойынша курстар енгізуді ұсынды. Оның сөзінше, отбасыдағы жанжал мен зорлық-зомбылық жастардың “тұрмыстық өмірге дайын” болмауымен байланысты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: ЯндексКартинки

Депутат қазіргі балалардың көп уақыты цифрлық әлемде өтеді, соның салдарынан өз бетінше өмір сүру үшін қажет негізгі тұрмыстық және әлеуметтік дағдыларды меңгеру деңгейі төмендеп барады дейді. Оның айтуынша, мектепте тәжірибелік дағдыларды меңгермеу балалардың жеке дербестігіне ғана емес, отбасылық институттың тұрақтылығына да әсер етеді.

“Базалық қабілеттерді меңгермеуі отбасылық институттың тұрақтылығына да байланысты. Жастар отбасы құратын кезде шаруашылықты жүргізуге дайын болмайды. Қарапайым тұрмыстық қарым-қабілетті меңгермейді. Бұл өз кезегінде жанжал мен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа әкеп соғады. Салдарынан ажырасу саны артып, қанша бала толық емес отбасыда тәрбиеленіп жатыр”, – деді ол.

Сенатор осыған байланысты орта және жоғары сынып оқушыларына арналған өмірлік маңызы бар дағдыларды дамытатын пәндерді оқу бағдарламасына енгізуді ұсынды.

"Балалар күннің көп бөлігін мектепте өткізетінін ескере отырып, орта және жоғары сыныптарға қосымша пәндерді енгізу орынды болар еді. Бұл пәндер тұрмыстық дағдыларды, ағаш шебері мен ұсталық өнерді, алғашқы медициналық көмек көрсету, төтенше жағдайлардағы қауіпсіздік ережелерін, өзін-өзі қорғау негіздерін, сондай-ақ құқықтық және қаржылай сауатты болуды қамтуға тиіс. Сонымен қатар қаржылай сауатты болуды бастауыш сыныптан бастап оқыту қажет", – деп атап өтті сенатор Жанна Асанова.

Талқылау