Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Семейде із-түссіз жоғалған бір үйдің екі баласы бес күннен бері табылмай жатыр

Семейде бір үйдің екі баласының хабар-ошарсыз кеткеніне бес күннен асты. Туыстары әпкелі-інілі Алтынай мен Абзалды жер-көктен таппай шарқ ұрып жүр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.   

Фото: Абай облысының полиция департаменті

Полицейлер, құтқарушылар, әскерилер мен еріктілер тобы да табандарын тоздырып, іздестіру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Алайда 18 және 16 жастағы колледж студенттерін көрген-білген жан жоқ. Тек жоғалғандардың сөмкесі қаланың ортасындағы құрылысы аяқталмаған ғимараттың маңынан табылыпты. Бұдан бөлек олардың тағы бір баламен дүкенде кездескені бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Одан өзге іліп алар ақпарат жоқ.

Қазір ұшты-күйлі жоғалған колледж студенттерін бас-аяғы 300 адам іздеп жатыр. Тәртіп сақшылары олардың суретін жұртқа көрсетіп, халық көп жүретін орындар мен компьютерлік клубтарды аралап жүр. Сондай-ақ полицейлер Ертіс өзенінің жағалауын түгел сүзіп шықты. Ал туыстары олардың аман-есен үйге оралатынына сенеді.



“Біздің жақындарымыз 2005 жылы туған Әбішева Алтынай мен 2008 жылы туған Әбішев Абзалдың жоғалып кеткеніне бүгін бес күн болды. Қандай да ақпарат болса, осы жағдай бойынша білген, естігендеріңіз болса, полиция бөліміне хабарласуды сұраймыз”, – дейді жоғалғандардың туысы Гүлнар Әбішева.

Бұған дейін Абай облысы Үржар ауданында 23 жастағы азаматты тасқын су ағызып кетті

Осылайша суға кеткендер саны төрт адамға жетті. Құтқарушылар Аягөз ауданында ағып кеткен үш адамды да бір аптадан бері іздеп жатыр. 

Суға кеткен малшы мен екі тракторшыны іздеуге иісшіл иттер мен құтқарушылар жұмылды. Ал Үржар ауданындағы тасыған өзенге ағып кеткен азаматтың өзіне қол жұмсауы мүмкін деген болжам бар. Мамандардың айтуынша, ол денсаулығына байланысты медициналық есепте тұрған екен. Суға кеткен төрт адамды 80 жуық құтқарушы іздестіріп жатыр.

Талқылау