Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Семей орманы жұмысшыларының айлығы қашан көтеріледі - Еңбек министрлігі жауап берді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері Семей орманындағы қызметкерлерінің айлықты көтеру туралы талабына қатысты мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Орман өртінен кейін орманшылар мен шеберлердің ғана айлығы көтерілген, бірақ жүргізушілер, диспетчерлер, жалдамалы жұмысшылардың айлығы сол күйі 85 000-100 000 теңге айналасында қалған. Сонымен қатар жұмысшылардың еңбек жағдайына шағымданып, форма, аяқ киім берілмейтінін айтты. Еңбек министрлігі мәселені зерттеп көрді ме? – деп сұрақ қойды БАҚ өкілі орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Бұл сұраққа алдымен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов жауап берді. Ол қайғылы жағдайдан соң, арнайы үкімет комиссиясы құрылып, жан-жақты зертелгенін айтты. Нәтижесінде 100 пайыз жұмыс берушінің кінәсі екенін және кінәлі тараптардың бәрінің үстінен іс қозғалғандығын жеткізді.

"Әкімшілік қызметкерлердің айлықтары шынында да көтерілді. Алайда сіз айтқан жай жұмысшылардың айлықтары бойынша Экология министрлігімен біз қоян-қолтық жұмыс істеп жатырмыз. Нәтижесі болады. Ол да ескерусіз қалмайды", – деді комитет басшысы Төлеген Оспанқұлов.

Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов елімізде 1,2 млн азаматтық қызметкер бар екенін атап өтті. Бұл санатқа орман саласында жұмыс істейтіндер де кіреді.

“Бізде 2020 жылдан бастап білім, медицина салаларында айлық екі есе көтерілді. 1,2 млн адамның 600 мыңына былтырдан бастап 4 жылдың ішінде жалақылары екі рет өседі. Оның ішінде өзіңіз айтқан жұмысшылар да бар. Оған қосымша экология министрлігімен, сарапшылармен бірлесіп, бірыңғай еңбек төлемі бойынша жұмыс істеліп жатыр. Жыл ішінде ұсыныстар болады”, – деп жауап берді вице-министр ОКҚ-да.

 


 

Талқылау