Семейде бұрынғы әйелін қызғаныштан ұрып өлтірген ер адам 12 жылға сотталды
Семейде 52 жастағы бұрынғы әйелін қызғаныштан ұрып өлтірген ер адамға сот үкімі шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Абай облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметінше, 17 сәуір күні ер адам мас күйде бұрынғы әйеліне ағаш таяқпен 28 рет соққы жасаған. Салдарынан әйел оқиға орнында көз жұмған.
Сот отырысында айыпталушы бұл ауыр қылмысқа қызғаныш себеп болғанын мойындады. Бұған дейін ол әйелінің жеке заттары мен құжаттарын өртеп жіберген көрінеді. Сотталушы жасаған ісіне шын жүректен өкінетінін айтты.
Сот ер адамды кінәлі деп танып, 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Іс бойынша марқұм әйелдің ағасы жәбірленуші деп танылған. Сотталған азаматтан моральдық шығынды өндіру үшін бауырының пайдасына 10 миллион теңге өндірілді.
Ал қаза болған әйелдің кәмелетке толмаған екі баласының тағдыры әзірге шешілген жоқ. Сот әзірге Семей қаласының қорғаншылық органына балаларға әрі қарай ресми қамқоршы тағайындау мәселесін шешуді жүктеу туралы қаулы шығарды.
Еске салсақ, бұған дейін Семейде ер адам әйелін бейсбол битасымен ұрып өлтірді деген күдікке ілінгені туралы жазған едік.
Астанада пайдаланылмайтын велосипедтер сатып алу үшін миллиардтаған қаржы жұмсалған: Әкімдік не дейді