"Сауықтыру, IT зертханалары мен робототехника": Қазақстанда биыл қанша бала жазғы лагерге қабылданады

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова биыл Қазақстанда 3,2 миллион бала жазғы демалыс бағдарламасымен қамтамасыз етілетінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министрдің айтуынша, биыл түрлі бағдарлама дайындалған. 168 мың оқушы маусымдық лагерьлерге барса, 44 мыңнан астам бала жыл бойы жұмыс істейтін орталықтарда уақыт өткізе алады.
“Биыл аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар мен ерекше күтімді қажет ететін оқушыларға көбірек көңіл бөлінген. Жазғы демалыспен 729 мың бала және ерекше білімді қажет ететін 53 мың бала қамтылады.
Ал халықаралық, республикалық олимпиада мен түрлі жарыстарда жеңіске жеткен 5 мың бала "Балдәурен" мен "Бөбек" орталықтарына барады. Өңірлерде тағы 370 мың дарынды балаға осындай мүмкіндік жасалады”, – делінген хабарламада.
Жұлдыз Сүлейменова сонымен қатар қауіпсіздікті қамтамасыз ету де күшейтілетінін алға тартты. Барлық нысандарға полиция инспекторлары тағайындалмақ. Ал қызметкерлер соттылығына дейін тексеріледі.
Соңғы үш жылда елімізде:
- 24 мың орынға арналған 44 жаңа қосымша білім беру ұйымы;
- 15 балалар сауықтыру орталығы іске қосылған;
- биыл тағы 4 лагерь ашылады.
Бұл орталықтарда балалар демалып қана қоймай, робототехникамен айналысып, IT зертханаларында білім алып, заманауи алаңдарда уақыт өткізе алады.
Министрдің айтуынша, биыл жазда Қазақстан бойынша 11 мыңнан астам демалыс орталығы жұмыс істейді.
"Макияж жасаса, күйеулері де ажырата алмайды": Егіз ағайындыға тұрмысқа шыққан егіз қыздар өмірлері туралы айтты
Оқыңыз