Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Майра Ілиясова Димашты сынаған Ринат Зайытовқа ескерту жасады

Ринат Зайытов бір сұхбатында “Димаш Құдайберген – Қытай саясатының құрбаны. Қазір олар біздің баланы өзімізге қарсы пайдаланып жатыр” деген болатын. Айтыскердің бұл сөзі күллі қазақ тыңдармандарының ғана емес, өнер майталмандарының да шамына тиді. Мәселен, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Майра Ілиясова Димашқа тіл тигізген Зайытовты “сауатсыз” деп бағалады.

Бұл туралы Ілиясова Sputnik Қазақстан агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында айтқан.

“Бұл – Ринаттың сауатсыздығы. Егер Ринат әнші болса, өнерге бір табан жақын болса, ондай әңгіме айтпас еді. Бүкіл дүниені мойындатып жатқан, мықты профессор, әлемдік деңгейдегі мамандардың бағасын алып жүрген Димашқа неге ондай пікір айтады? Бұл өзі біздің қазақтың тарихында бар. Болсын демейміз, етектен тартамыз. Димашқа мүлдем қатысы болмаса да, аузына келгенді айтып жатыр. Ал оған қара халық бетке айтты деп қол соғады. Кейбіреу оның сөзін де түсініп жатқан жоқ. Ринатқа ондай сөз айту ұят. Қандай Қытай Димаштың шоқпарын соғып отыр?” – деп ашуланды әнші.

Ілиясова “Димашқа қазақты мойындату үшін алдымен Қытайды мойындату керек болды” деген пікірмен мүлде келіспейтінін айтты. Әнші Димаштың Қытайдағы жобаға дейінгі жетістіктерін жіпке тізіп берді. Әрі Ілиясова Димаштың өзі сабақ беретін өнер ордасының түлегі екенін мақтана айтып, оған тіл тигізуге жол бермейтінін, қанша жерден жерлесі болса да, Ринат Зайытов үшін ұялғанын мәлімдеді.

“Ринат өз саласында, айтыста мейлі профессор болсын, ал Димашта жұмысы болмасын. Егер Димаштың дауысын білмесе, онда оған сын айтудың қажеті жоқ”, – дейді еліміздің қайраткері.

Ілиясова Зайытовтың Димашты “әйел дауысты” деп бағалағаны да орынсыз дейді. Әнші қазақ өнерінің тарихында дәл осындай жоғары нотада ән айтатын әнші болғанын ескертті. Ол – Ерік Құрманғалиев екен.
Ілиясованың айтуынша, біз Қытай, Ресей мен Англияның жарнамасына ілесе алмаймыз. Оған қазақтың шашы жетпейді, дейді әнші. Бұл ретте ол Зайытовқа өзі білмейтін саланы қозғамай-ақ қойсын деген тілегін де жеткізді. Өз отандасынан мұндай пікірді естігенде Димаштың да жүрегі ауыратынын, оны түкке тұрғысыз арзан әңгімемен сынаудың қажеті жоқ екенін ескертті.

Еске сала кетейік, Зайытов Димашқа қатысты “Қытай саясатының құрбаны” деп пікір білдірген болатын.

 

Талқылау