Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сауалнама: Қазақстандықтардың 95%-ы өміріне риза, 79%-ы тұрмысы жақсаратынын айтқан

бақытты адамдар
Фото: magnific.com

Қазақстандықтардың басым бөлігі өз өміріне қанағаттанады және алдағы бір жылда тұрмыс деңгейі жақсарады деп сенеді. DATAmetrics жүргізген әлеуметтік зерттеу нәтижесіне сәйкес, респонденттердің 95,2%-ы өміріне риза болса, 67,6%-ы отбасының материалдық жағдайы соңғы бір жылда жақсарғанын айтқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

DATAmetrics компаниясы жүргізген әлеуметтік зерттеу нәтижесіне сәйкес, қазақстандықтардың 95,2%-ы өз өміріне қанағаттанатынын, ал 67,6%-ы кейінгі бір жылда отбасының материалдық жағдайы жақсарғанын айтқан. 

Зерттеу 2026 жылғы 13 маусым мен 2 шілде аралығында Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының тапсырысы бойынша жүргізілген. Сауалнамаға еліміздің барлық өңірлері, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 18 жастан асқан 8 мың адам бетпе-бет сұхбат (face-to-face) әдісімен қатысқан.

Зерттеу нәтижесі халықтың әлеуметтік көңіл күйі негізінен өмірге қанағаттану, отбасының материалдық жағдайы және болашаққа деген сенім арқылы бағаланғанын көрсетті.

Сауалнамаға қатысқандардың 63,3%-ы өміріне толық қанағаттанатынын, ал 31,9%-ы көбіне риза екенін айтқан. Осылайша, респонденттердің жалпы 95,2%-ы өз өміріне оң баға берген. Ал 3,4%-ы өміріне көбіне көңілі толмайтынын, 1,1%-ы мүлде қанағаттанбайтынын жеткізген.

Материалдық жағдайға қатысты сауалнамаға қатысушылардың 67,6%-ы соңғы бір жылда отбасының қаржылық ахуалы жақсарғанын мәлімдеген. Оның ішінде 29,8%-ы айтарлықтай жақсарғанын, 37,8%-ы белгілі бір оң өзгерістер болғанын айтқан.

Респонденттердің 25,5%-ы материалдық жағдай өзгермегенін, ал 6,6%-ы нашарлағанын хабарлаған.

Болашаққа қатысты да қазақстандықтардың басым бөлігі оптимистік көзқарас танытқан. Сауалнамаға қатысқандардың 78,6%-ы бір жылдан кейін қазіргіге қарағанда жақсы өмір сүретініне сенімді. Оның ішінде 45%-ы жағдайы едәуір жақсарады деп күтсе, 33,6%-ы аздап жақсарады деп болжайды.

Ал 15,9%-ы отбасының тұрмыс деңгейі өзгермейді деп есептейді. Өз жағдайының нашарлауын күтетіндер – 3,4%. Зерттеу қорытындысы бойынша, қазақстандықтардың басым бөлігі өз өміріне риза, отбасының материалдық жағдайындағы өзгерістерді оң бағалайды және алдағы уақытта тұрмыс деңгейі жақсарады деген сенімде.

Еске салайық, 2026 жылы жарияланған World Happiness Report рейтингінде Қазақстан 147 елдің ішінде бақытты елдер қатарында 33-орынға көтеріліп, Франция, Сингапур және Италияны басып озған еді. Зерттеуде елдің жоғары нәтиже көрсетуіне әлеуметтік қолдаудың күшті болуы ықпал еткені айтылған. Сонымен қатар сарапшылар әлеуметтік желілерді шамадан тыс пайдалану, сыбайлас жемқорлық және өмір сүру ұзақтығы секілді факторлар әлі де елдің бақыт деңгейіне әсер ететін мәселелер екенін атап өткен.

Айым Атамбаева
Жұма, 10 Шілде, 2026 12:50