Қорғаныс министрлігі әскердегі өлімнің 90%-ы әлімжеттіктен емес, отбасылық кикілжіңдер үшін болатынын мәлімдеді
Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев сарбаздардың "отбасылық жағдайға байланысты" өз-өзіне қол жұмсайтынын айтты. Ведомство әскерилер өлімінің 90 пайызы әскери қызметке мүлдем қатысы жоқ деген мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Қорғаныс министрлігі
“Қазір азаматтық қоғамда екі дұрыс емес тұжырым қалыптасқанын көріп отырмыз. Біріншісі, бейбіт уақытта сарбаздар әскерде көз жұмады. Екіншісі, әскери қызметкерлер арасындағы әлімжеттікке қатысты. Өлім-жітім мен жарақат туралы айтар болсақ, армияда әскери борышты өтеу оңай емес әрі қауіпті. Қазақстан армиясында сарбаз әскери техниканы пайдаланады, жаттығу жасайды, оқ атып, атыс дайындығынан өтеді және көлік жүргізеді”, – дейді Шайх-Хасан Жазықбаев.
Генерал-майордың айтуынша, әскери қызметкерлер нағыз жауынгерлік қару қолданады. Сол себепті жарақат алатындар көп және жарақат алу қаупі жоғары. Сөзінше, қабылданған іс-шараларға қарамастан әскерилер арасында өлім жағдайлары тіркеледі.
“Жауынгерлердің жарақат алуы мен өлімінің негізгі себептері – қару мен оқ-дәрімен дұрыс пайдаланбау, техниканы пайдалану кезіндегі қауіпсіздік шараларын бұзу, жол-көлік оқиғалары, ауруға шалдығу. Ал өз-өзіне қол жұмсау және суицидке итермелеу отбасылық кикілжіңдерге байланысты болады. Мұндай жағдайлардың 90%-ға жуығы әскери қызметке қатысты емес”, – деп шорт кесті Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев.
Еске салайық, соңғы уақытта әскерден денсаулығынан айырылып немесе табытпен оралған сарбаздар көбейді. Олардың бірі – Ербаян Мұхтар. Ербаян Ұлттық ұланның Алматы қаласындағы 5571 әскери бөлімінде әскери борышын өтеп жүрген. 2023 жылдың желтоқсанында сарбаз ми жарақатын алып, содан кейін комаға түскен. Әскерилер туыстарына Ербаянның дәретханада құлап, басын еденге соғып алғанын айтқан. Алайда сарбаздың жақындары ұлдарының абайсызда құлап қалғанына сенбейді. Ішкі істер министрлігі тергеу барысын өз бақылауына алды.
Бұған дейін қазақстандықтар 6 айдан астам комада жатқан сарбаз Ербаян Мұхтарға 140 миллион теңге жинап берген еді. 17 қыркүйекте Ербаянның әкесі ұлының алдағы уақытта Еуропаға емделуге аттанатыны туралы айтқан. Емдеуге шамамен 230 миллион теңге жиналды, бұл ақша оңалтудың алғашқы үш айына жетеді дейді.