Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағанды облысында орталық қазандықтың құрылысына бөлінген 460 миллион теңгеден астам қаражат ұрланған

Экономикалық тергеулер департаменті Қарағанды облысы Саран қаласында орталық жылу көзінің құрылысы кезінде 461 миллион теңге ұрланғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Саран әкімдігі

Қарағанды облысының экономикалық тергеулер департаменті тексеру барысында қаражат жымқыру фактісі анықталғанын хабарлады.

"Күшті өңірлер – ел дамуының драйвері" ұлттық жобасы аясында Саран қаласындағы орталық қазандықтың құрылысы кезінде 461 миллион теңге ұрланғаны анықталды. Бұл жоба әлеуметтік маңызы бар нысан ретінде қарастырылды. Моноқала тұрғындары мен өнеркәсіптік нысандарды жылумен қамтамасыз ету жоспарланған еді. Алайда жоба ұзаққа созылып, әлі күнге дейін пайдалануға берілген жоқ", – делінген хабарламада.

Айта кетейік, өткен жылдың қазан айында Қарағанды облысының Саран қаласының тұрғындары пәтерлердің суық екеніне жаппай шағымданған еді. Бұған жауап ретінде қала әкімі видеоүндеу жариялап, жағдайды түсіндірді. Келесі күні тұрғын үйлерге жылу уақытша резервтік көздерден – жергілікті қазандықтардан беріле бастады.



Еске салайық, 2024 жылы жылыту маусымы бастала салысымен-ақ Саран қаласының тұрғындары жылусыз қалған еді. Ал 15 қазанда үкімет отырысында Саран қаласындағы жылу мәселесі күн тәртібінен тыс қаралып, премьер-министр Олжас Бектенов кінәлілер жауапқа тартылатынын мәлімдеді. Кейін сол айда Саран тұрғындарына жылумен жабдықтау үшін қайта есептеу жүргізілетіні айтылды. Сонымен қатар орталық қазандық құрылысының аяқталғаны және алғашқы от жағу жұмыстары жүргізілгені хабарланған еді. Биыл жаңа жылу көзі қаланың шамамен 80%-ын жылумен қамтамасыз етуге тиіс.

28 қазанда өткен аппараттық кеңесте Қарағанды облысының әкімі Саран қаласының әкімі Еркін Баулыков пен облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тілектес Досаевқа қатаң сөгіс жарияланғанын мәлімдеді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Азамат Тайжановқа тәртіптік жаза ретінде ескерту берілді. 29 қазанда Саран әкімі Еркін Баулыков қызметінен босатылды. Оған себеп қаладағы жылу жүйесінің коллапсы болды. Оның орнына Дарын Бұлқайыр тағайындалды.

Талқылау