Журналист Сандуғаш Дүйсеноваға қатысты қылмыстық іс тоқтатылды
Журналист Сандуғаш Дүйсеноваға қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Бұл туралы Бас прокуратура мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Сандуғаш Дүйсенованың үстінен Қылмыстық кодекстің 147-бабы 5-бөлігі "Өмірге қол сұғылмаушылықты және дербес деректер мен оларды қорғау туралы заңнаманы бұзу" бойынша іс қозғалған болатын.
"14 тамызда Жетісу облысының прокуроры Мадияр Басшыбаев Дүйсенованы қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесі бойынша жеке қабылдады. Оның дәлелдерін ескере отырып, прокуратура зерттеу үшін қылмыстық істі сұратып алды", - дейді Бас проукратура.
Алайда тергеу органы заңнамада көзделген тергеу мерзімінде жәбірленушіге елеулі зиян келтірілгенін растайтын жеткілікті нақты деректерді анықтаған жоқ.
"Осыған байланысты Талдықорған қаласы прокурорының қаулысымен сотқа дейінгі тергеу іс-әрекетте қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылды (Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 35-бабы 1-бөлігі 2-тармағы). Егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса, бұл ретте Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте дербес деректерді заңсыз жинау және (немесе) өңдеу үшін жауапкершілік көзделген", - деп мәлімдеді ведомство.
Материалдар әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамаға сәйкес ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органға жолданған.
Еске салайық, бұған дейін жетісулық журналист Сандуғаш Дүйсенова қамауға алынған еді.
Ол өзін тергеу барысында полицейлердің қорлағанын мәлімдеген соң, қоғамда құқық қорғау органдарының әрекетіне қатысты сын көбейіп кеткен еді.
Журналист, қоғам белсендісі 11 тамыз күні ұсталған. Оған ҚР Қылмыстық кодекстің 147-бабы 5-бөлігі бойынша айып тағылды. Кейін үйқамаққа шыққан журналист өзін полицейлер бөлімшеде шешіндіріп, видеоға түсіргенін жазды.