"Салаттары екі қасық, ал ботқаны шелектеп төгеді": Қазақстанда мектеп пен балабақшаларда асхана мәзірін жаңарту ұсынылды
Сарапшылар Қазақстанның мектептері мен балабақшаларында мәзірді жаңартуды ұсынуда. Айтуларынша, балалар жемейтін тағамдар ысырап болуда, ал пайдалы салаттарды өте аз мөлшерде береді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Informburo.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: freepik.com
Бұл мәселе Астана қоғамдық кеңесінің отырысында көтерілді. Тамақтану жөніндегі сарапшы Айғаным Туғанбекова мемлекеттік мәзірдің еліміздің оқу орындарында 2022 жылдан бері өзгермегенін айтты.
"Балалар таңғы асқа құрамында кофеин бар цикорий ішеді. Сондай-ақ, мамандар балаларға тұздалған қияр беруге болмайтынын айтқан. Алайда балабақшаларда “окрошка” асы беріледі. Кейде түскі асқа “винегрет” салаты ұсынылады. Олардың құрамына тұздалған қияр кіреді", - деп түсіндірді Туғанбекова.
Сарапшы мәзірде қант мөлшері жоғары екенін де алға тартты. Ол көптеген балалардың фруктоза мен қантқа төзімділігі төмен екенін атап өтті. Себебі мектеп, балабақшаларда түстен кейінгі тіскебасарға сүзбе бәліші, мармелад, зефир, карамель кәмпиттері мен вафли беріледі.
Абай облысындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Эльзира Жүнісова балалардың мәзірдегі кейбір тағамдарды жегісі келмейтінін жеткізді.
"Шынында да, балалар мүлде жемейтін кейбір тағамдар бар. Мәселен ботқаны жегісі келмейді. Содан соң оны шелектеп төгіп жатады", - деді Жүнісова.
Ол ата-аналардың берілетін астың көлеміне жиі шағымданатынын айтып, бұл мәселені шешу үшін мектеп мәзірін жаңартуды және оған жаңа позицияларды қосуды ұсынды.
"Қалалық мектептерде ата-аналар балаларына салатты тек екі шанышқы көлемінде берілетінін айтып шағымданды", - деп атап өтті аймақтық омбудсмен.
Эльзира Жүнісова сондай-ақ тамақ жасайтын майдың сапасын да сынға алды. Айтуынша көбінесе жеткізушілер мектептерді спрэдпен қамтамасыз етеді (сары майдың өсімдік аналогы). Ал бұл балалардың денсаулығына әсер етуі мүмкін.
"Елестетіп көріңізші, біздің балалар күнделікті табиғи майдың орнына маргарин спрэдін алады. Бұл нағыз химиялық өнім. Егер олар күнде осылай тамақтана берсе, ұрпағымыздың қалі не болады? Бұл олардың иммунитетін әлсіретеді", - деп қорытындылады Жүнісова.
Еске салсақ, Маңғыстау облысында бастауыш сынып оқушылары жаппай тамақтан уланып қалған болатын.