Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Рухия Байдүкенова: Отбасым өнерге барғанымды қаламады, маған қиын болды

Биыл "Славян базары" байқауының жеңімпазы атанған Рухия Байдүкенова бала күнгі армандары, кімге еліктегені және отбасының өнерге көзқарасы жайлы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Хабар-24" арнасының Next бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Әнші ерекше есіміне тоқталды. Айтуынша, атын Рухия деп Байдүкен атасы қойған.  

"Ол кісінің анасы да ән атйқан. Тұрмысқа шыққандықтан, ән айтпай қойыпты. Туыстарымның барлығы тұрмысқа шыққан соң, әніңді тастап кетпе деп айтады. Атаңның арманы сол дейтін. Атамның өзі де консерваторияда оқыған. Бірақ соғыс басталғандықтан, оқуды тастап кеткен. Домбырашы, күйші болған, әт айтқан. Сол кісінің дарыны маған келген", – дейді Рухия. 

Атасы Рухияның өнерге жақын болғанын қалағанымен, ата-анасы әншілік жолға қарсы болған көрінеді. 

"Менің отбасым өнерді түсінетін адамдар. Не жақсы, не жаман екенін айыра алады. Өнерге келгенде талғамдары бар. Бірақ өнерге барғанымды қаламады, ол маған қиын болды. Осы "Славян базарына" барарда әкем ақ батасын берді", – дейді Байдүкенова.


"Есімі - Наташа": Рухия Байдүкенова анасының орыс ұлтынан екенін растады

"Ол бәрібір сіздердікі": Рухия Байдүкенова өзін Димаш Құдайбергенмен жұптастырғандарға жауап берді


Рухияны жұрт жақында танығанымен, оның өнердегі жолы ертерек басталған. "Славян базарына" қатысу талпынысы да биыл бірінші рет емес.

"Үш жыл қатарынан іріктеуге қатыстым, өтпедім. Өтпегенім дұрыс болды. Себебі ол кезде моральдық-психологиялық тұрғыдан дайын болмадым. Осы үш жылда басымнан неше түрлі жағдайлар өтті, қуаныш та, қайғы да болды. Стресс те, жол кесетіндер де, қолдайтындар да болды. Соның барлығы адамды шынықтырады", – дейді әнші.

Әнші ару бала кезінде Мәдина Сәдуақасоваға еліктегенін айтады. 

"Простыня, орамалдарды орап алып, майысып айнаға қарап, түр жасап алатынмын. Сосын Роза апайға (Рымбаева) еліктейтінмін. Бала кезімнен Уитни Хьюстон мен Мэрайя Кэриді тыңдайтынмын. "Жас қанатқа" шыққаннан бастап Димаш Құдайбергенді іздеп, қызығып, бүкіл жерден әндерін тыңдайтынмын. 

Бала кезімнен мақсатшыл болдым. Өзім ауылдық жерден, қарапайым отбасыдан шыққанмын. Білесіздер, үлкен кісілер, КСРО заманында ойлары қалып қалған, мүмкіндік барына сенбейді. Ал мен бала кезден сенетінмін. Қандай жағдай болса да, адам баласы өзі жете алатынына сенетінмін. Армандайтынмын, Алладан тілейтінмін. Адам өзін-өзі шабыттандырса, алға ұмтылдырса, соның арқасында жетеді деп ойлаймын", – дейді Рухия ағынан жарылып. 

  

Талқылау