"Жүрегім қысылып, таңды көзбен атырдым": Рымбаева "Құрмет" орденін алып, басы дауға қалған ұлы туралы айтты
Республика күні қарсаңында “Құрмет” орденін алып, басы дауға қалған Әли Оқаповтың анасы Роза Рымбаева оқиғаның мән-жайын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Динара Сәтжан арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Әншінің айтуынша, әлеуметтік желідегі әңгіменің бәрін үш күннен кейін естіген.
“Ол кезде Республика күнін тойлатып жатқан кез. Көп концерт бердік. Даулы мәселенің анық-қанығын үш күннен кейін бір-ақ естідім. Әлеуметтік желіде отырмаймын, негатив пікір оқымаймын, бағдарлама қарамаймын. Сол үшін кеш естіп қалдым. Әли орденмен марапатталды дегенде қатты таңғалдым. Кешкісін үйге келсек Мәди айтады осындай шу болып жатыр деп. Ол ағасы үшін қатты уайымдады. Күйзеліске түсіп, сынып кетсе қайтеміз деп қорықты. Мен сол түні мүлдем ұйықтамадым. Жүрегім аузыма тығылып, таңды көзбен атырдым. Не күлерімді, не жыларымды білмей, әуре-сарсаңға түстім. Балаларыма әлсіздігімді көрсеткім келмей, іштен тындым”, – деп еске алды сол күнді.
Халық әртісі ұлының осы күнге дейін жасаған музыкалық жұмыстарын жоққа шығарғандарға жауап бердім.
“Екі ұлым да музыка мектебінде 18 жыл оқыды. Олардың кәсіби білімі өте жоғары. Сондықтан өнерге орта жолдан қосылды деп айтуға қарсымын. Екеуі де кез келген аспапта ойнай алады. Музыкадан сабақ беріп, оркестрде пианист, композитор, ән әрлеуші де бола алады. Өзім Әлидің әке жолын қуғанын қалаймын. Оның әкесі – дирижер. Болашақта осы саланы дамытады деп ойлаймын”, – дейді әншінің анасы.
50 жылдан бері сахнада жүрген әншіге “орден үшін айқай” өмірі мен отбасына айтарлықтай әсер етпеген көрінеді.
”Ән салып жүріп талай орден, наградалар алдық. Сонда да біз атақ-даңққа мастанбадық. Өмір бойы тек шығармашылықпен айналыстық. Карьера қуып, ақшаның соңынан жүгірмедік. Осы марапат-құрметтер ештеңені өзгертпейді. Біздің шығармашылық тоқтамайды. Жаңа әндер жаздырып, әрі қарай дами береміз”, – дейді әнші.
Әнші “Роза Рымбаеваның ұлы сахнаға анасының арқасында шығып жүр” деген қауесетке де нүкте қойды.
”Ұлдарымның ортасы – кәсіби музыканттар. Мен кино және театр әртісімін. Менде олардікіндей кәсіби әрі жүйелі музыкалық білім жоқ. Біз жарнама жасаумен айналыспаймыз. Қаншама музыкалық жобаларға қатысып жүлделерге ие болып жатырмыз. Біреуін де көрсетпейміз. Өйткені ол біздің шығармашылық өміріміз, жұмысымыз”, – дейді ән әлеміндегі аңыз адам.