Роза Рымбаева: Халықтың талғамы төмен болса, "Чип-чип-чип" әнін тыңдап жүре береді
Бір әнмен танымал болуға бола ма? Халықта талғам бар ма? Бүгінде тез танылып кеткен жеңіл әндер көп. Роза Рымбаева бұл әндерді частушкаға теңейді. Ал той әндерін орындайтындар әні емес, жай ғана музыканттар деген пікірде.
Бұл туралы "Жұдыздар жарқырайды" бағдарламасында айтылды.
"Бәрі халықтың талғамына байланысты. Егер талғам төмен болса, жеңіл әндерді тыңдап жүре береді. Бірақ оның бәрі уақытша. Кей әндер болады он жылдап, елу жылдап ел аузында, халықтың жүрегінде. Халықтың талғамы төмен болса чип-чип-чип әндерін тыңдап жүре береді", - деді Рымбаева.
Нұрлан Албан адамның танымалдығы бағына байланысты деді.
"Кей әнші болады өнерді, музыканы терең зерттеп, ұзақ жылдар бойы ән шығарып жүреді. Енді бірі бір ғана әнмен танымал болып шыға келеді. Бұл бақ шаба ма, бап шаба ма, соған байланысты", - деді әнші.
Заманауи жырау Жан Ахмадиев халықта мүлде талғам жоқ деген ойын жеткізді.
"Халықта қазір мүлде талғам жоқ. Үріп ән шығарсаң да, ол ертең хитке айналып кетуі мүмкін", - деді ол.
Бақай тобының әншісі бір әнмен де танымал болуға болады дейді.
"Қазір жастардың талғамы әртүрлі ғой. Бір әндер бірден таралып кетеді. Енді бір әнді қанша жерден өткізгің келсе де, хитке айналмайды", - деді топ мүшесі.