Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Прокурор "РОП операторының" бұрынғы басшысын шартты түрде соттауды сұрады

"РОП операторының" бұрынғы басшысы Шынар Мұқтарованың ісі бойынша айыптаушы тарап оны жеті жылға шартты түрде бас бостандығынан айыруды сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Прокурор Шынар Мұқтарованы Қылмыстық кодекстің 28-бабының 3-бөлігі және 189-бабының 4-бөлігімен кінәлі деп танып,  бес жыл бойы коммерциялық ұйымдарда басшылық қызметтерді атқару құқығынан айыра отырып, жеті жыл мерзімге шартты түрде бас бостандығынан айыруды сұрады.

Прокурор сотталушының өз кінәсін толық мойындауы, шын жүректен өкінуі және келтірілген залалды толық өтеуі іс бойынша жеңілдететін мән-жайлар екенін атап өтті. Жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар жоқ.

"Мен оны қоғамнан оқшаулаусыз түзеу және қайта тәрбиелеу мүмкін деп есептеймін. Оны жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесемін. Жаза шартты деп танылып, пробациялық бақылау тағайындалды", – деді прокурор.

Прокурор бұлтартпау шарасын сол жерден кетпеу туралы жазбаша міндеттемеге өзгертуді сұрады.

Еске сала кетейік, 20 қазанда Астанада РОП Операторының экс-басшысына қатысты басты сот отырысы басталған еді.

10 қазандағы алдын ала сот отырысында Мұқтарованың адвокаттары сотталушының тергеу барысына бұдан былай әсер ете алмайтынын алға тартып, оны үйқамаққа ауыстыруды сұрады.

Алайда судья Ибрагим Әлкенов Мұқтарованың сотқа дейінгі тергеу органдарынан жасырынып жүргенін, 2022 жылы маусымда халықаралық іздеуге жарияланғанын және кейін БАӘ-ден экстрадицияланғанын еске салды.

Мұқтароваға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 28-бабының 3-бөлігімен "Қылмыстық құқық бұзушылықты ұйымдастырушы" және ҚР ҚК-нің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағымен "Сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе жымқыру" деген айып тағылып отыр. Ол аса ірі көлемде ақша жымқырды деген күдікке ілінген. Іс бойынша жәбірленуші ретінде "Оператор РОП" ЖШС және "Жасыл даму" АҚ компаниялары танылған.

Талқылау