Соңғы ЖАҢАЛЫҚТАР
БАРЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР

Ринат Зайытов енді айтысқа шыға ма: Жүрсін Ерман елдегі соңғы оқиғаларға қатысты жауап берді

«Айтыс» десе, ең алдымен ауызға Жүрсін Ерманның аты келеді. Қазақтың төл өнері айтысты сонау 1984 жылдан жаңартып-жаңғыртып, халық арасында кеңінен насихаттап, поэзия тұлпарларын баптап, бәйгеге қосып жүрген "Айтыс атасы" Жүрсін Ерман Stan.kz тілшісімен кездесіп, айтыстың болашағы, өзі дайындап жүрген ізбасарлары мен "бетімен кеткен" ақындар туралы сұхбат берді. Айтыскерлердің әкесіндей болып қалдым дейтін Жүрсін аға қолынан келгенше, ғұмыры жеткенше айтысқа қызмет ете беруге уәде етті. 

Сұхбаттың басы ("Қашан сотқа шақырады екен деп тосып жүрмін": Балғынбек Имашев "Айтыстың атасымен" не үшін соттаспақ?")

Мәдениет министрлігі ауысты. Арыстан Мұхамедиұлының кетуімен айтыста не өзгеруі мүмкін?

Мұхамедиұлы әуел баста бізге қырындау қарап жүрді. Соңғы бір жылдың көлемінде айтысқа бетін бұрып, үлкен қолдау көрсетті. Шындығында Мұхамедиұлының басқа жұмысқа ауысып кетуі көңілімізге қаяу түсіріп отыр. Дегенмен, жаңадан тағайындалған Ақтоты Райымқұлова да оң қабақ танытып, қолдаймыз деп отыр. 

Елордамыздағы Айман Мұсаходжаеваның өнер академиясында неше жылдан бері айтыс бөлімі ашылып, ақындар тәрбиеленіп жатыр. Биыл Жүргенов академиясында дәстүрлі ұлттық өнер факультетінен айтыс бөлімі ашылып, мен сонда құрметті профессормын, балаларды қабылдап жатырмыз.

Ниетіміз жақсы болғанымен енді оқытатын оқу құралы, әдістемелік материал жоқ. Сол олқылықты толтыру үшін Одақпен "Айтыс" деген екі томдық энциклопедия жасамақшымыз. Сондықтан осы жұмыстардыың барлығында Мәдениет министрлігмен бірлесіп жұмыс істемесек, жеке қолмыздан ештеңе келмей қалуы мүмкін. 

Айтыс өткеннен кейінгі дау-дамай арылмай жатады. Бұл айтыскеркердің кінәсінен бе әлде әділ-қазылардың төрелігінен бе?

Бір ақынның қыңқ етіп, дау шығарғанын естіген жоқпын. Айтыстан кейінгі дау-дамай айтысты бағалау, жүлделерге байланысты ғой. Ол - еріккен қазақтың шаруасы. Біздің еріккен көрермендер айтысқа жанашырмын деп отырып аржағында бықсып жатады. Айтыста қандай күрделі ой айтылды, қоғамның ортасына қандай жоғары ой тасталды. Ол туралы ешкім бас ауыртпайды. Неге менің жерлесім алмай қалды деген даудан-ақ шаршадық.

Шын айтыстың жанашыры олай жасамауы тиіс. Кейде айтыстың нюанстары болып тұрады. Мынау ақын алса екен деп отырғанмен алмай қалатын кездер болады. Осы жолы жүлдеге лайық болып, ала алмай қалған ақынды келесі жолы көтеруге бар ықпалымды пайдаланамын. Оның жасыратын ештеңесі жоқ. Өйткені әділеттілік бүгін болмаса, ертең орнауы керек. Бұл әлеуметтік желілердегі бір адамның айтқан жеке пікірі ғана ғой.

Бөлінген қаражаттың да қайда кетіп жатқанына байланысты көп дау болады... 

Бүгінде демеушілер аз. Қазір мол ақша - орыс тілділердің қолында. Қазақтың ұлттық өнеріне жаны ашымайтындар мен бүйрегі бүлт етпейтіндер сенің ұлттық өнеріңді қайтеді? 

Көпшіліктің көкейінде жүрген тағы бір мәселе Ринат қайда кетті? Өткен сұхбатыңызда айтыстан шеттетілді деген едіңіз. Тек бір айтыстан ғана ма, әлде енді айтыс алаңынан көруіміз екіталай ма? 

Тек бір ғана айтыстан шеттетілді. 13 шілдеде Үржарда үлкен айтыс болады. Сол айтысқа қатысушылардың басында Ринат Зайытов тұр. Кешегі Ақсуаттағы айтысқа ғана қатыса алмай калды. Өйткені сайлаудан кейінгі шерулердің ішінде жүрген Ринатты аудан әкімі телефон шалып, реті келсе келтірмей-ақ қойыңыз деп өтініш жасады. У-шу болып кетеді, ыстық-суығы басылсын деген еді. 

Ринатпен жұмысыңызды әрі қарай жалғастырасыз ба?

Мен Ринатты шеттете алмаймын. Ол қазақтың аса талантты ақындарының бірі. Оны саяси қайраткер ретінде көз алдыма елестете алмаймын. Талантты ақын айтыстың алаңы мен көшедегі шерулерді шатыстырып алған сияқты. Айтыстың алаңында сөз сөйлеу мен халықтың көшін бастау деген екеуі екі бөлек нәрсе. Жеке тұлға ретінде оның пікіріне әсер ете алмаймын. Бірақ Одақтың, айтыскер ақындардың атынан қимылдауға оған ерік бере алмаймыз. Жасыратыны жоқ, Ринатты үлкен қалалардағы басшылық айтысқа қатыстырмауға тырысады. 

Елдегі соңғы саяси оқиғаларға қатысты не айтасыз?

Халық кеше өткен сайлауда өзінің құқығын пайдалануға болатынын түсінді. Бірақ сол халықты оң жолға, өзгерістер жолына бастайтын дұрыс көсем табылмай жатыр. Біздегі оппозиция да "лақтырып" кетті. Әміржан Қосанов та көшті бастай алмай, жеме-жемге келгенде тайқып кетті.

Сайлау алдындағы Нұр-Отан съезінде «Әйел басқаратындай басымызға не күн туды?" деп қалдыңыз...

Мен - ескі қазақпын. Қазақ елін әйел басқарған үлгі жоқ. Қалай дегенде де әйел төмен етекті болған соң, бір саты төмен тұруы керек. Қазақтың атқамінер азаматтары құрып қалды ма? "Қатын басқарған қараң қалады" дейді қазақ. Әйелдің орны - оттың басында. Балаларын тәрбиелеп, күйеуіне ие болып, соның күтімін жасасын. Қазақтың әйелі өзінің тарихи миссиясын орындауы керек. 

Әйел басқаратын күн алыс емес деген пікірлер бар. Бұған көзқарасыңыз?

Білмеймін. Қарсымын. Әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа. Қазақ "қатын бастаған көш оңбас" деп бекер айтпаған. Ел тізгінін ұстап, елді бастайтын қазақтың азаматтары бар. Ұлттық болмысымыз бар халықпыз. Әйелге күніміз түсіп қалған жоқ. 

Екінші әйел алуды заңдастыру керек деген пікіріңізді оқып қалдым. 

Кейде эмоциямен асығыс пікір айтылып қалады. Екі әйел алу дегенді түсінбеймін. Отбасының негізі ең ұлы мәртебесі махаббатта. Махаббат көпмекенді бола алмайды. Қоғамда екі-үш әйел алған адамдар жүр ғой. Солардың балалары бір-бірімен күндес, бақталас. Олар толыққанды бала болып та өсе алмайды. Ұлы мәртебелі махаббатты ту етіп, бір қатынды бақытты етіп, содан балаларды өсіп өндірсе де, аз шаруа емес. Қазір бір еркектің етегін төрт қатын ұстайтындай не күн туып қалды? 

Бұл мәселеге байланысты пікіріңізді неге сұрап отыр десеңіз, бір сұхбатыңызда жұбайыңыз Бақытжамал апайды "қатты жақсы көремін, жалғызым" деп сезіміңіздің әлі күнге басылмағанын айттыңыз. Жоғарыдағы пікіріңізге қарама-қайшы емес пе?

"Бәлкім маған талай қыз болды зәру, 
Менің мәңгі сүйгенім жалғыз ару", - деген байламға тоқтадық. Алмаймын ешкімді. Бір әйелді жетістіріп алайық. 

Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр