Ресейдің зымыран шабуылы, Пезешкианның Иран президенті болып сайлануы: Әлем жаңалықтарына апталық шолу
Осы аптада Масуд Пезешкян Иранның жаңа президенті болып сайланды. Ал Францияда парламент сайлауының екінші туры өткізілмек. Сонымен қатар Израиль әскерінің Хамас аймағына шабуылы жалғасуда. Олар бұл жолы мектепке соққы жасаған. Оған қоса Ресей қарулы күштері Украина қалаларына әуе соққысын жасап, салдарынан 28 адам қаза тапты. Stan.kz тілшісі әлем жаңалықтарына апталық шолу ұсынады.
Масуд Пезешкиан Иранның президенті болып сайланды
Ирандағы президенттік сайлаудың екінші турында реформаторлар қанатының үміткері Масуд Пезешкиан жеңіске жетті.
Сайлаудың екінші турында Масуд Пезешкиан 53,3 пайыз, оның қарсыласы консерватор Саид Джалили 44,3 пайыз дауыс жинаған. Алғашқы тур бойынша екі үміткер де тең түскендіктен, сайлаудың екінші кезеңі өткізілген еді.
"Біз барлығына достық қолын созамыз. Бәріміз осы елдің адамдарымыз, елдің өркендеуі үшін бірлесіп еңбектенуіміз керек", – деді сайлауда жеңіске жеткен Пезешкиан.
Масуд Пезешкиан сайлау науқаны кезінде әйелдердің "мұсылмандық киім үлгісін" сақтауын қадағалайтын Иранның моральдық полициясын сынға алған еді.
Сондай-ақ ол Раиси үкіметін киім кию тәртібін бұзғаны үшін моральдық полиция ұстағаннан кейін қайтыс болған 22 жастағы Махса Аминидің өлімін дұрыс зерттемегені үшін ашық түрде сынға алды.
Сайлау науқаны кезінде Пезешкиан Ислам революциясы кезінде әйелдердің бастары мен мойындарын қоғамдық орындарда жабуды талап ететін заңды сынады.
"Біз адамдарға қатысты жасалатын қатыгездікке қарсымыз. Әсіресе апаларымыз бен қыздарымызға қатігездік жасауға болмайды. Оларға қарсы мұндай әрекеттерге жол бермейміз", – деді Масуд Пезешкиан.
Тегеранның сыртқы саясатына келетін болсақ, Пезешкиан Иранның бүкіл әлемнен "оқшаулануын" тоқтатуға уәде берді.
Сонымен қатар Пезешкиан 2015 жылғы ядролық келісімді қайта жандандыру бойынша Батыспен "конструктивті келіссөздер жүргізуге" шақырды, оған сәйкес Иран Батыс санкцияларын жеңілдету үшін өзінің ядролық бағдарламасын шектеуге келісті.
"Егер біз санкцияларды алып тастай алсақ, адамдардың өмірі жақсарады, ал санкциялар қалатын болса, өмір қиындай түспек", – деді Пезешкиан сайлау науқаны кезінде берген сұхбатында.
Пезешкиан реформатор деп саналғанымен, ол Иранның рухани көсемі Аятолла Әли Хаменеиге қатты берілген.
Еске салсақ, Ислам Республикасындағы жоғарғы шешім қабылдау өкілеттігі жоғарғы көшбасшы Аятолла Әли Хаменеиге тиесілі.
Масуд Пезешкиан кім?
Фото: AP Photo
Масуд Пезешкиан 69 жаста. Ол Иранның батысындағы негізінен әзірбайжандар мен күрдтер тұратын Батыс Әзірбайжан провинциясында дүниеге келген. Әкесі ирандық әзірбайжан, анасы күрд ұлтының өкілдері. Пезешкианның өзі әзірбайжан және күрд тілдерінде еркін сөйлейді.
Әскерден кейін Пезешкиан медициналық училищеге түсіп, жалпы тәжірибелік дәрігер дипломын алған. Кейін оқуын жалғастырып, кардиохирург мамандығын алды.
Иран-Ирак соғысы кезінде (1980–1988) Пезешкиан дәрігер болып жұмыс істеп, майданға медициналық бригадаларды жіберуге жауапты болған. 1997 жылы Мохаммад Хатами әкімшілігінде денсаулық сақтау министрінің орынбасары қызметін атқарды. 2021 жылы ол президенттік сайлауға түсті, бірақ оның кандидатурасы ұсынылмады.
Францияда парламенттік сайлаудың екінші кезеңі өтеді
Жексенбі күні Франция парламентінің төменгі палатасы "Ұлттық жиналысқа" сайлаудың екінші кезеңі өтеді.
Сайлау учаскелері әдетте жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 08:00-де ашылып, 18:00-де жабылады.
Кейбір қалалар мен департаменттерде сайттың жұмыс уақыты әртүрлі болуы мүмкін. Атап айтқанда, Парижді қоса алғанда, ірі қалаларда француздар 20:00-ге дейін дауыс бере алады. Сайлаудың алғашқы нәтижелері жергілікті уақыт бойынша сағат 20:00-ден кейін белгілі болады деп атап өтілді.
30 маусымда өткен бірінші турда француздар 577 парламентарийдің 76-сын сайлады. Олардың 37 өкілі Ұлттық ралли партиясының және оның одақтастарының мүшелері.
Палатадағы басымдыққа ие болу үшін 289 орын қажет.
Фото: Reuters
Сайлауға қай партиялар түспек?
Негізгі күрес Джордан Барделлдің оңшыл Ұлттық ралли партиясы, "Жаңа халықтық майдан" деп аталатын солшыл партиялар блогы мен "Бірге" президенттік коалициясы арасында болмақ.
Ұлттық одақтың сыртқы саясатқа қатысты сайлауалды бағдарламасы Украинаны қолдауды жалғастыруды көздейді. Дегенмен, партия төрағасы Джордан Барделл Франция ұзақ қашықтыққа ұшатын зымырандар мен жағдайдың ушығуына әкелетін басқа қару-жарақтарды бермеуі керек деген ұстанымда.
"Бірге" президенттік коалициясы өзінің сайлауалды бағдарламасында Франция Киевті қолдауды жалғастырады деп уәде береді. Бұған қоса, ол Украина аумағына әскери нұсқаушылар жіберу мүмкіндігі бар екені де айтылған. Коалиция 2030 жылға қарай Францияның қорғаныс бюджетін екі есеге арттыруды көздеп отыр.
Солшыл партиялардың альянсының мақсаты француз дипломатиясындағы бейбітшілікті қамтамасыз ету екенін атап өтті. Коалиция бағдарламасы қажетті қару-жарақты жеткізу арқылы украин халқының егемендігі мен бостандығын, сондай-ақ Украина шекараларының тұтастығын қорғауды талап етеді. Таяу Шығыстағы жағдайға қатысты солшыл партиялар Израильге қару эмбаргосын енгізгісі келеді.
Республикашылар Еуропалық Одақтың кеңеюіне, атап айтқанда, Украинаның одаққа қосылуына қарсы. Олар Украинаға тек қаржылық қолдау көрсету керек деп санайды.
Ресейдің Украинаға шабуылы
Дүйсенбі күні Ресей Украинаға зымырандармен әуе шабуылын жасады. Ресми ақпарат бойынша Украинаға 38 зымыран атылған.
Алдын ала мәлімет бойынша, қаза тапқандар саны 36 адамнан асты, 150-ден астам адам жараланған.
Ресейдің Днепр мен Кривой Рогқа жасаған соққысы нәтижесінде қаза тапқандар саны 59 адамға жетіп, 11 адам қаза тапқан. Кривой Рогта сейсенбі қаралы күн болып жарияланды.
Шабуыл салдарынан Днепрде тоғыз қабатты ғимарат зардап шекті. Тұрғын үйлердің қабырғалары мен терезелері қираған. Сондай-ақ, екі қабатты тағы бір ғимарат жартылай қирап, кәсіпорын ғимараты зақымданған. Кривой Рогта бірнеше кәсіпорында өрт шыққан. Алдын ала мәлімет бойынша, аймақта 11 адам қаза тауып, тағы 40-тан астам адам әртүрлі дәрежедегі жарақат алған.
Фото: Reuters
Донецк облысының Покровск қаласында ресейлік зымырандардың соққысынан үш адам қаза тапқан. Бұл туралы аймақтық әскери басқармасының басшысы Вадим Филашкин мәлімдеді. Херсон да Ресейдің соққысынан зардап шекті. Жарылыстардың дауысы Николаев облысында да естілгенін айтады куәгерлер.
Украина қарулы күштерінің бас штабы майданда 141 әскери қақтығыс болғанын хабарлады.
"Орыс басқыншылары негізгі күштерін Покровский бағытына жұмылдыруда. Украиналық қорғаушылар оккупациялаушы күштердің шабуылын тежеп, жауды айтарлықтай шығынға ұшыратуда", – деді Украина қарулы күштерінің бас штабы.
Әзербайжан БРИКС-ке мүше болғысы келетінін мәлімдеді
Фото: Rexels
Бұл туралы Санкт-Петерборда өткен БРИКС парламенттік форумының пленарлық отырысында сөз сөйлеген Әзірбайжан парламентінің төрағасы Сахиба Гафарова мәлімдеді.
"Әзірбайжан өзінің сыртқы саясатында екіжақты қарым-қатынастардағы, сондай-ақ көпжақты форматтағы диалогты, ынтымақтастықты қолдайды. Қазір Әзербайжан БРИКС-ке қосылуға ниет білдіріп отыр", – деді Гафарова.
Гафарова қос стандарттарды болдырмау мақсатында халықаралық парламенттік платформалар аясында шынайы диалог орнату қажеттігін айтты.
"Парламенттер ынтымақтастықты дамытуға, екі арада көпірлер орнатуға, қарама-қайшылыққа қарсы тұруға тиіс. Біз Еуропарламенттегідей қос стандарттар алаңына айналмас үшін шынайы диалогты алға жылжытуымыз керек", – деді ол.
Гафарова БРИКС Парламенттік форумы тиімді ынтымақтастық алаңына айналатынына сенім білдірді.
Израиль Газа секторының орталығындағы мектептердің бірінде тығылған ХАМАС өкілдеріне соққы жасады
Фото: АР
Израиль қорғаныс күштері дүйсенбі күні кешке Газаның Нусейрат аймағында Хамас содырларына соққы жасады.
"Біраз уақыт бұрын Израиль әуе күштері барлау мәліметтеріне сүйене отырып және дәл басқарылатын оқ-дәрілерді пайдалана отырып, Нусейрат аймағындағы мектеп ғимараттарын жасырын түрде пайдаланып, лаңкестік әрекеттерді жүзеге асырған бірнеше террористке соққы берді", – делінген әскери жеделхатта.
Ирак соты "Ислам мемлекеті" тобының жетекшісі әл-Бағдадидің жесірін өлім жазасына кесті
Фото: BBC
Ирак соты "Ислам мемлекеті" тобының жетекшісі Әбу Бәкір әл-Бағдадидің бірінші әйелі Асма әл-Кубаисиді ИМ-нің езидтер қауымдастығы әйелдеріне қарсы қылмыстарына қатысы бар деген айыппен өлім жазасына кесті. Сот кеңесінің хабарлауынша, тиісті шешімді Әл-Карх қаласының қылмыстық соты шығарған.
Әл-Бағдадидің жесірі "езид әйелдерін үйінде ұстап, кейін ИМ бандыларына тапсырған” деп айыпталған. Оған қатысты шешім 2005 жылғы "Терроризмге қарсы күрес" заңының, сондай-ақ 2021 жылғы "Зорлық-зомбылықтан аман қалған езид әйелдері туралы" заңның ережелеріне сәйкес шығарылды.
Сот барысында Умм Худайфа лақап атымен танымал әл-Бағдадидің жесірі өзіне тағылған айыптардың барлығын жоққа шығарды.
Езидтер деген кім?
Езидтер – Ирактағы күрд тілді этно-діни азшылық, олардың тамыры зороастризмнен бастау алатын язидизмді ұстанады. 2014 жылы ИМ содырлары езидтер тұрған Синжар таулы аймағына басып кіріп, оларға қарсы аяусыз қуғын-сүргін жасаған. 2016 жылдың маусымында БҰҰ-ның Сириядағы адам құқықтарының бұзылуын тексеру комиссиясы "Ислам мемлекеті" тобы езидтер қауымына қарсы геноцид, соғыс қылмыстары және адамзатқа қарсы қылмыстар жасағаны үшін кінәлі деген қорытындыға келді.
Колумбияда мигранттар мінген қайық суға батып кетті
Фото: Колумбия әскері қызметі
Бортында 20 мигрант бар қайық Карби теңізіне батып кеткен. Оның ішінде Қазақстан азаматтары болғаны туралы хабарланды. Бір адам қаза тауып, төртеуі із-түзсіз жоғалып кеткен, 15 адам құтқарылды.
Құтқарылғандардың алтауы кәмелетке толмағандар, Олардың арасында екі қазақстандық бар. Үшеуі венесуэлалық. Басқа баланың азаматтығы туралы мәлімет жоқ.
Құтқарылған ересектер Колумбия, Эквадор, Иран, Никарагуа, Қазақстан және Венесуэла азаматтары.