Ресей соғысты жалғастырамын десе, оған санкциялар салынады – Трамп
АҚШ шенеуніктері Ресей билігімен Украинадағы атысты тоқтатуды талқылау үшін Мәскеуге кетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Джиддадағы кездесуден кейін Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ енді Ресейді атысты тоқтату туралы ұсынысқа көндіруі керек деді. Кремль мұны қарап жатқанын айтты. Трамп пен Путин жақын арада телефон арқылы сөйлесуі мүмкін.
Дональд Трамп атысты тоқтату мүмкіндігі бар екенін айтты. Егер Ресей соғысты жалғастыруға шешім қабылдаса, оған қарсы "жойқын" санкциялар салынбақ екенін айтты.
"Мен істей алатын нәрселер қаржылық жағынан өте жағымды емес. Бұл Ресей үшін өте жаман болады. Мен мұны істегім келмейді, өйткені мен бейбітшілікке қол жеткізгім келеді ", – деді Трамп.
Сондай-ақ ол Украина ұстанымын өзгерткенін айтты.
"Менде бір адам (Зеленский) болды, ол бейбітшілікті қаламайтын сияқты көрінді. Енді ол бейбітшілікке келісті. "Сонымен біз көреміз", – деп қосты Америка президенті.
Трамп Мәскеуге қай шенеуніктердің бара жатқанын нақтыламады.
Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Майк Вальцтың "ресейлік әріптесімен" телефон арқылы сөйлескенін айтты. Ол Вальцтің кіммен сөйлескенін нақтыламады.
Айта кетейік, бұған дейін 28 ақпанда Украина президенті Владимир Зеленский Ақ үйге АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесіп, Украина ресурстары туралы мәселені шешу үшін келген еді. Алайда кездесу барысында екі президент сөзге келіп, Зеленский Ақ үйден шығып кеткен. Ал АҚШ осы әрекеті үшін Зеленскийді сынап, мәлімдеме жасаған. Осыдан соң Трамп жанжалдан кейін Зеленскийден кешірім сұрауды талап етті.