Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Рахман Омар 8-сынып оқып жүргенде дәретханада тұншығып жатқан 1 жасар баланы құтқарып қалған

Белгілі актер, тележүргізуші Рахман Омардың бала күнгі ерлігі көпке жария болды. 8-сынып оқып жүрген шағында актер сәбиді аман алып қалған екен. Бүгінде ол сәби 30 жасқа толды.

Бұл туралы "Ең алғашқы" бағдарламасында айтылды. 

Рахман Омардың ел білмеген ерлігі белгілі болды. 8-сынып оқып жүрген шағында нәрестені аман алып қалған екен. 30 жыл бұрын болған оқиғаны актердің өзі айтып берді. 

"8-сынып оқып жүрген шағым. Ауылда балалармен сөйлесіп тұрғанбыз. Көрші тұратын ата мен әжей жүгіріп келді. Дәретхананы көрсетіп, аптығып, әлдене айта алмады. Маған ол кісілер бөле болып келеді. Алып-ұшып дәретханаға жүгіріп бардым. 1 жарым жастағы бала ауылдағы дәретханаға түсіп кетіпті. Мен еш ойланбастан секіріп түстім. Бала жамбасымен құлапты. Егер басымен құласа, тірі қалмас еді. Мен ағаштардан ұстанып, баланы алып жоғарыдағыларға бердім. Нәжіске де, иіске де қарамадым. Ол өзі 7-8 метр тереңдікте екен. Өз басымды ойлайтын уақыт болған жоқ. Кейін моншаға түсіп тазаландым", - деді актер. 

Рахман Омар дәретханадан алып шыққан бала Ернар Мұқажанов қазір 30-дас асқан жігіт. Рахман мырзаға алғысын айтады. 

"Ол баланың әкесі маған бөле болып келеді. Қазақта алғыс орнына мал атайды ғой. Маған бір марқа атап, алғысын айтқан еді. Әжем де, әке-шешем де риза болды. 7-сынып оқып жүргенде ол баланың мектебіне барып, арнайы шараға қатыстым. Оқиғаның қалай болғанын айттым. Кейін Ернарды көп уақыт көрмей кеттім", - деді Рахман Омар. 

Актердің айтуынша, өзіне атаған малды сол күйі алмаған екен. Алайда бағдарламаға Ернардың әкесі Ерғазы мырза арнайы келіп, Рахман Омарға бір жылқы беруге уәде етті.  

"Ол кезде мен үйде емес едім. Үйге келсем, абыр-сабыр. Рахманның арқасында аман қалды. Ернарды алып шықты деп жатыр екен. Рахманға алғысым шексіз. Әрдайым тілеуін тілеп жүрем", - деді Ерғазы мырза. 

Рахман Омар періште сәби мен ата-әжесінің тілегі, батасы оның үлкен өмірде биік белестерге жетуіне себепші болды деп есептейді. 

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр