Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Рахат Тұрлыханов әйеліне қатысты жанжалдан кейін қылмыстық істен жалтаруға тырысқан

Фото: instagram.com/rakhat_turlykhanov_fan_kz

Бұрынғы әнші Рахат Тұрлыханов отбасылық жанжалдан кейін туындаған істің материалдарын қылмыстық құқықбұзушылық белгілерінің бар-жоғын тексеруге жіберген әкімшілік сот қаулысын дауламақ болған. Алайда оның шағымы қанағаттандырылмай, сот шешімді өзгеріссіз қалдырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алматы қаласының прокуратурасының мәліметінше, іс бастапқы кезеңде әкімшілік өндіріс тәртібімен қаралған.

“Әкімшілік соттың қарауы нәтижесінде іс жүргізу тоқтатылды. Сот қаулысына шағым түсірілді, алайда апелляциялық саты оны өзгеріссіз қалдырып, шағымды қанағаттандырмады”, – делінген хабарламада.

Қазір іс материалдары Алматы қаласы Медеу ауданының полиция басқармасына қылмыстық іс жүргізу тәртібімен процессуалдық шешім қабылдау үшін жолданған.

“Қазір қылмыстық іс қозғау мәселесі қаралу сатысында”, – деді Алматы прокуратурасы.


Әйеліне қол көтерді деп айыпталған әнші Рахат Тұрлыхановқа қатысты іс тоқтатылды

Әнші Рахат Тұрлыханов 10 тәулікке қамауға алынды


Еске салайық, 15 наурыз күні БАҚ беттерінде қазақстандық әнші Рахат Тұрлыхановтың ұсталғаны туралы ақпарат тараған еді. Алматы қалалық полиция департаменті әншінің жұбайын ұрды деген күдікпен полицияға жеткізілгенін хабарлады. Ведомствоның мәліметінше, тексеру барысында әйел бастапқыда өзіне күш қолданылғанын айтқан. Алайда кейіннен соққыға жығу фактісін жоққа шығарып, отбасылық жанжал бойынша арыз жазған.

Қарау қорытындысы бойынша Рахат Тұрлыхановқа қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-бабы 1-бөлігі (“Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы әрекеттер”) бойынша әкімшілік хаттама толтырылған.

16 наурызда сот Рахат Тұрлыхановтың ісін қарады. Нәтижесінде сот іс жүргізуді тоқтатып, жұбайының бастапқы арызын ескеріп, қылмыстық құқық бұзушылық белгілерінің бар-жоғын тексеру үшін істі прокуратура мен полиция департаментіне жолдауға қаулы шығарды.

Айта кетейік, бұл олардың отбасының алғашқы жанжалы емес. 2024 жылы әнші, мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың туысы Рахат Тұрлыханов әйелін соққыға жыққаны үшін тағы да сот алдында жауап беретіні туралы жазған едік. 

Рахат Тұрлыханов әйелін ұрып-соққаны үшін әкімшілік құқықбұзушылық бойынша сотқа шақырылған. Алайда әйелі оны кешіргендіктен, әртіс жазадан құтылып кеткен.

9 қаңтарда Алматы қаласының әкімшілік құқықбұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Рахат Тұрлыхановқа қатысты істі қарағанын хабарлады. Сот алқасының қаулысымен Тұрлыхановқа қатысты жазалау шарасы оған ескерту беруден 10 тәулік әкімшілік қамауға алу жазасына өзгертілді.

10 қаңтар күні әйеліне қол көтерді деп айыпталған Рахат Тұрлыханов жұбайымен бірге бейнеүндеу жасаған еді. 

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 31 Наурыз, 2026 15:16