Қызылорда облысында құдықтан 20 жастағы жігіттің мәйіті табылды: 15 жастағы інісі күдікке ілінді

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында құдықтан 20 жастағы жігіттің денесі табылды. Жақындарының айтуынша, марқұмның мойнында жіптің ізі және денесінде көгерген іздер бар. Ал күдікті ретінде оның 15 жастағы інісі ұсталған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
30 мамырда Мейіржан Рүстем үйінің есік алдына төсегін салып, далада түнеген екен. Бірақ таң атқанда 20 жастағы жігіт ұшты-күйлі жоғалған. Жақындары іздеуге кірісіп, тек бір тәуліктен кейін су құбырының құдығынан мәйітті таптық деп қан жұтып отыр.
“Сыртында ала көрпесі болады. Соны көрпеге тұншықтырып енді, ол бір адамның ісі емес. Мен өзім сол баланы шығарып салар сәтте соңғы рет көріп қалайыншы дедім. Сол кезде оның мына жерінің бәрінде көгерген дақ тұр. Ол бір адамның ісі емес. Ол жаны шығамын дегенше 2-3 адаммен алысқан ғой. 15 жастағы ұлымды күдікті деп ұстап отыр”, – дейді жігіттің анасы Кенже Дүйсенбиева.
Бірақ марқұмға туған інісі қастандық жасады дегенге жақындары сенбейді. Оның үстіне тепсе темір үзетін жігітке оқушының шамасы да жетпейді деп отыр. Шыр-пыр болған ата-ана ұлымызды бұған дейін үйімізден ақшаны қолды қылған ұрылар азаптап өлтірді деп топшылайды.
“Үйде ақша ұрланып жатыр дедік. Екі күн бұрын подряд ақша ұрланса да, үйде ақша қай жерде тұрды деп те ешкім сұрамайды. Айтасың түнде үште күдікті жүрген деп, оны іздемейді. Айналып кішкентай балаға жабысып тұр ғой. Не істерімізді білмей қалдық. Баламның қайғысы жайына қалды. Қайғымыз мына бала болып кетті. Бәле қылып іліп жібере ме отырмыз”, – дейді марқұмның әкесі Ғани Жұпарбаев.
ОқыңызАл “адам өлтіру” бабымен іс қозғаған полиция тергеу заң аясында жүргізіліп жатқанын жеткізді.
“Күдікті ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынды. Қазіргі уақытта болған оқиғаның мән-жайы жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде. Барлық тергеу әрекеттері қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес қолданылып жатыр”, – деп мәлімдеді Қызылорда облыстық полиция департаменті тергеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асылбек Бексейітов.
Жантүршігерлік қылмыстың қалай болғаны әлі белгісіз. Марқұмның ата-анасы арыз-шағымымызды Ішкі Істер министрлігіне жеткізуден басқа амалымыз қалмады деп отыр.
Шәйнектегі қақтың бүйректе тас жинайтыны қаншалықты рас: Мамандар жауап берді