Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қытайда алғаш рет жасанды интеллект дайындаған дәрі мақұлданды

ЖИ дәрі

Қытайдың Ұлттық медициналық өнімдер басқармасы (NMPA) алғаш рет жасанды интеллект көмегімен әзірленген жаңа дәріні мақұлдады. Mprosevir препараты COVID-19 ауруын емдеуге арналған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Global Times басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Препаратты әзірлеуге бар болғаны 3,5 жыл кеткен. Бұл уақыт перспективалы молекуланы іздеуден бастап, клиникалық сынақтардың сәтті аяқталуына дейінгі бүкіл процесті қамтиды. Ал осындай деңгейдегі дәріні дәстүрлі әдіспен жасауға әдетте 10-15 жыл қажет.

Зерттеу барысында ғалымдар мен жасанды интеллект 49 миллиард молекулалық қосылысты талдап, олардың ішінен ең тиімді деген нұсқаларды санаулы күннің ішінде іріктеген.

Әзірлеушілердің айтуынша, Mprosevir жобасы фармацевтикада жасанды интеллектіні қолдану қазірдің өзінде мүмкін ғана емес, өте тиімді екенін көрсетті. Екі жыл бойы мамандар молекуланың қасиеттерін жетілдіріп, уыттылығын төмендетіп, оны жасушалардағы алғашқы сынақтардан және тышқандарға жүргізілген зерттеулерден адам қатысатын толыққанды клиникалық сынақтарға дейін жеткізген. Осы кезеңдердің барлығында жасанды интеллект негізгі құралдардың бірі болған.

Қытайдағы "1-класс" санатына ел ішінде де, шетелде де бұрын нарыққа шығарылмаған, толықтай жаңа инновациялық дәрілер жатады. Жаңа препарат ересектердегі COVID-19-дың жеңіл және орташа ауыр түрлерін емдеуге арналған.

Назархан Уән
Жексенбі, 06 Қыркүйек, 2026 15:33