Қостанай облысында қасқыр ер адамға тап беріп, шабуыл жасады
Қостанай облысының Ақкөл ауылында қасқыр ер адамға шабуыл жасады. Жыртқыштан зардап шеккен тұрғын ауруханаға жеткізіліп, кейін Арқалыққа жіберілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қостанай облысының Ақкөл ауылына ер адам ата-анасына қонаққа келген. Кешкі уақытта қонаққа бара жатқанда көшеде қасқырға тап болған. Жыртқыш оған тап беріп, қолынан тістеген.
Ауыл тұрғындары көмекке жүгіріп шығып, ер адамды қасқырдан арашалап қалған. Кейін олар жыртқышты өлтірген. Жангелдин аудандық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Эльмира Маметованың айтуынша, зардап шеккен азамат ауруханаға түскен кезде шок жағдайында болған.
"Оған алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, Арқалыққа жіберілді. Себебі біздің ауруханада хирург жоқ. Қазір науқастың жағдайы тұрақты. Тұманды ауа райына байланысты жол шамамен бес сағатқа созылады", – деді ол.
Ақкөл ауылдық округінің әкімі Балғабай Қалиевтің айтуынша, күз мезгілінде қасқыр, түлкі және қабандар елді мекенге жиі кіріп кетеді.
Оның сөзінше, тұрғындар жыртқыштардан қорғану мүмкіндігі шектеулі екенін айтқан. Себебі ауыл халқының қаруы жаппай тәркіленген. Қазір рұқсат етілген мылтық бірнеше тұрғынның ғана қолында бар. Алайда олар ауылда үнемі бола бермейтіндіктен, көшелерді тұрақты күзету мүмкін емес.
Еске салайық, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында үлкен аюды бір топ адам кездестіріп қалған. Алаңсыз жүрген аюдың видеосы желілерде тез тарады. Видеода жыртқыштың адамдарға жақын жерде тұрғаны, ешқандай агрессия немесе қорқыныш көрсетілмегені түсірілген. Аю Марқакөл ауданында, Ақжайлау мен Урунхайка ауылдары арасындағы жолда байқалды. Орман шаруашылығы қызметкерлері мен полиция бөлімшелері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жануардың қозғалысын бақылау үшін оқиға орнына жедел жетті. Жергілікті әкімдік алаңдаған тұрғындарды тыныштандыруға асығыс әрекет етіп, жағдайдың қауіпсіз шешілгенін атап өтті.
"Балалардың қызуы 40°C-қа дейін көтеріліп, ауруханаға түсіп жатыр": Алматыда қандай инфекциялар таралып жатқаны белгілі болды
