Cығандар деген кімдер: Неге олар қайыр тілеп, қоқыста тұрады

Фото: ЖИ
Көшеде қайыр тілеп, автобуста "жағдайы нашар екенін" айтып, қоқыс айналасында жүретін өзге ұлт өкілдерін көз көріп жүр. Олардың кім екені көпшілікті алаңдатып жүргені жасырын емес. Олардың басым көпшілігі – Орталық Азияның сығандары. Қазақстан, Қырғызстан мен Өзбекстанда тұратындарын "люли" деп атайды. Олар ислам дінін ұстанады. Өздерінің бөлек ауылдарында тұрып, өз тілінде сөйлейді. Ерте үйленеді, көбіне өз араларында ғана некеге тұрады. Ер адамдардың көбі жұмыс істемейді, ал люли әйелдері базарларда металл мен қоқыс жинап, қайыр сұрайды. Балаларын да кішкентайынан қайыр сұрауға үйретеді. Тіпті кейбір келіндер күйеуін осы кәсіппен асырауға ант береді. Stan.kz Алматы қаласында тұрып жатқан люли отбасымен тілдесіп, олардың салт дәстүрі, әдет-ғұрпымен танысты.
Люлилер – қазір Орталық Азияда, әсіресе, Қазақстанда, Өзбекстанда және Тәжікстанда мекендейтін этникалық топ. Олардың шығу тегі туралы деректер аз болғанымен, кейбір ғалымдар оларды Үндістаннан көшіп келген сыған халқының бір бөлігі деп есептейді. Егер аңызға сенетін болсақ, кедей отбасында Лю есімді ер бала мен Ли есімді қыз баласы өмірге келіпті. Алайда жаугершілік салдарынан екеуінің ата-анасы тұтқынға түсіп, өзге аймаққа айдалыпты. Екеуі ата-анасын екі бағытта іздеп шығып, жылдар өткен соң қайта жолығыпты. Алайда олар бір-бірін танымай, ағалы-қарындас екенін білмей отбасын құрған. Сол сәтте оларға және олардың ұрпақтарына "ғасырлар бойы қол жайып, қайыр тілейтін қайыршылық бұйырсын" деген халық тарапынан қарғыс айтылыпты деседі. Содан бері Орталық Азия сығандары қайыр тілеумен айналысып жүрген көрінеді.

Бүгінде олар өзара арго тілінде сөйлесу арқылы, еліміздің көптеген өңірлерінде күн кешіп жатыр. Өзбектер оларды “люли” десе, тәжіктер “джуги” дейді. Атауында ғана айырмашылық болғанымен, өмір салты мен тарихы бір. Бірі көшеде қайыр тілеуді жұмысқа айналдырса, енді бір тобы қоқыс аралап, ондағы тапқан заттарын ақшаға айналдырады. Ең қызығы жұмысты көбіне ер адамдар емес, әйелдер істейді. Тіпті балаларын кішкентай кезінен қайыр тілеуге үйретеді.

“Таңертең ертемен баламды ертіп жұмысқа шығамын. Күніне азын-аулақ тиын тауып, үйіме әкелемін. Бұл жерден көп табыс табу мүмкін емес. Сондықтан қоқыс теріп, металл жинап, сатып күн көреміз. Күйеуім бар, ол үйде отырады. Бізде табыс табу әйелдің мойнында, ал ол қалаған кезде ғана жұмыс істей алады. Баламның есі кіре бастағаннан-ақ ақша табуға үйретеміз. Көбіне ол қайыр сұрайды, автобустарда құран оқиды”, – дейді базарда қайыр тілеп отырған люли әйел.

Люлилердің мәдениеті мен әдет-ғұрыптары ерекше. Олар көшпенді өмір салтын ұстанып, уақытша баспаналарда өмір сүреді. Бұл – 23 жастағы Жамшут. Оның екі баласы бар. Ол Қазақстанға әйелімен бірге үш ай бұрын Бұқарадан келген. Айтуынша, көшіп-қонып жүру оның өмірлік ұстанымына айналған. Жамшуттың отбасы қоқыс теріп, одан жиналған металдарды сатып күн көреді.
“Бұл үйде тұру мен үшін бақыт. Біз Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с. жолымен жүреміз. Оның да осындай аядай үйі, пиаласы, тарағы болған. Менің жағдайым да сондай. Құдай бізді жақсы көреді. Осындай тар үйде тұруды өзіміз таңдаймыз. Мен үшін бақыт", – дейді Жамшут.


Жамшуттың отбасы қоқыс терумен айналысады. Аулада балалары қоқысқа аунап өсіп жатыр. Олар үшін бұл – қалыпты жағдай.

“Біздің отбасы қайыр сұрамайды. Әйелім мен балаларым қоқыстан металл теріп әкеледі, ал мен оны сатамын. Үлкен қызымның жасы – 5-те. Ол өзіне қажет заттарын қоқыстан тауып алады. Самокат пен велосипедті де өздері тауып әкелген. Балалар ерте жастан өз күнін өзі көруге үйренеді. Таңертең ерте жұмысқа шығып кетеді. Тапқан екі алюминий қазанымыз үшін 800 теңге аламыз. Көпшілік бізді сығандармен шатастырады, негізі бізді "люли" деп атаған дұрыс", – дейді Жамшут.
Бұл халықтың әйелдеріне қойылатын шектеу өте көп. Кейбір деректерде, тіпті некеге тұрған кезде әйелдер күйеуін "қайыр сұрау арқылы асыраймыз" деп уәде береді деп айтылады. Қыз балалар 5-6 жасқа келгенде міндетті түрде орамал тағуы керек. Кей отбасыларда әйелдерге күйеуінің рұқсатынсыз телефон ұстауға болмайды.Күйеуінің рұхсатынсыз телефон ұстауға рұхсат жоқ. Бірнеше бала туады, оны асырау да әйелдің мойнында. Оларда еркектің айтқаны заң.

Жамшуттың айтуынша, оның отбасы бай қуатты тұрады. Өзбекстанда үйі, көлігі жағдайы бар. Қазақстанда қоқыс теріп жүрген себебі жай ішкі бақыты үшін екен.

“Шынымды айтсам, мен үлкен әулеттенмін. Анам қажы кісі. Өзбекстанда үлкен үйіміз, көлігім бар. Табыс келіп тұрған кәсібім бар. Қоқыс теріп, аядай ғана үйде жан тыныштығым үшін тұрып жатырмын. Бұл – біздің дәстүр. Салтымызға құрмет ретінде осылай өмір сүреміз. Оның үстіне Бұқара өте ыстық. Онда жазда тұру мүмкін емес. Күн салқындағанда Өзбекстанға кері қайтамыз”, – дейді Жамшут.
Люли халқы туралы басқа да қызық деректерді Stan.kz YouTube арансынан көріңіздер.