Қазақстандықтар ерекше сұранысымен дәрігерлерді тығырыққа тіреді

Маңғыстау облысының дәрігерлері тосын өтініштерге тап болды. Медициналық мекемелерге тұрғындардан туған уақытын минутына дейін дәл көрсетіп беру туралы сұраныстар түсе бастаған. Денсаулық сақтау мекемелерінің бірінде кей жағдайда адамның нақты туған уақытын анықтау неге мүмкін болмайтынын түсіндірді. Дәрігерлер мен медицина қызметкерлері осыған қатысты хабарламаларды әлеуметтік желідегі парақшаларында жариялап жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Lada.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Тек бір таңның ішінде Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасына туған күнін және нақты уақытын минутына дейін анықтау жөнінде үш өтініш түскен. Бұған дейін мұндай мәліметке ешкім қызығушылық танытпаған.
Өтініштердің барлығы әйелдерден келіп түскен. Алайда олардың жасы әртүрлі: арасында 1980-жылдардың соңында және 2000-жылдардың басында туғандар бар.
Денсаулық сақтау саласының өкілдері нақты туған уақытқа деген қызығушылықтың күрт артуын нумерология, астрология немесе өзге де эзотерикалық және оккульттік тәжірибелердегі жаңа трендпен байланысты болуы мүмкін деп болжайды.
Мәселен, нақты туған уақыт адамның дүниеге келген сәтіндегі аспан денелерінің орналасуын немесе символдық жүйелерді анықтауға негізделген бірқатар бағытта қолданылады. Каббаланың кейбір бағыттары мен эзотерикалық астрологияда да нақты туған уақыт түрлі символдық есептеулер үшін пайдаланылады.
Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының ұйымдастыру-әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Серғазы Жұмағазының айтуынша, заң бойынша архив құжаттары 25 жыл сақталып, кейін жойылады.
Сонымен қатар 2013 жылы аурухананың жертөлесін су басып, архивтің бір бөлігі, соның ішінде перзентханалардың құжаттары да жойылған. Сондықтан осы кезеңге дейін дүниеге келген азаматтарға нақты туған уақытын ұсыну мүмкін емес. Ал 2013 жылдың соңынан бастап құжаттар электронды форматта жүргізіле бастаған. Электронды архивте туған күні мен нақты уақыты көрсетіледі.
"Бұл мәліметті азаматтар eGov жүйесіндегі немесе Damumed қосымшасындағы жеке кабинеті арқылы көре алады", – деді Серғазы Жұмағазы.
Көкжайлаудағы QR-код жұртты шулатты: Аумаққа кіру ақылы болып кетті ме