Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда құрылыс пен ауыл шаруашылығына маман тапшы – Сүлейменова

Жұлдыз Сүлейменова
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Қазақстанда құрылыс саласына 102 мың, ауыл шаруашылығына 75 мың маман қажет. Алайда колледждерде осы бағыттарда оқып жатқан студенттер саны еңбек нарығының сұранысына сай келмейді. Үкімет отырысында Жұлдыз Сүлейменова осы мәселе жайлы мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оның айтуынша, елімізде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін еңбек нарығының нақты сұранысына бейімдеу жұмысы жүріп жатыр. Қазір 766 колледжде 556 мыңнан астам студент білім алады.

"2030 жылға қарай еңбек нарығына жыл сайын 225–256 мың маман қажет болады. Сұранысы жоғары мамандықтардың 70 пайыздан астамы жұмысшы мамандықтарына тиесілі. Сондықтан техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін еңбек нарығындағы өзгерістерге алдын ала бейімдеу қажет", – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Қазір өнеркәсіпке 183 мың, құрылысқа 102 мың, ауыл шаруашылығына 75 мың, IT саласына 12 мың маман қажет. Әсіресе құрылыс пен ауыл шаруашылығында кадр тапшылығы байқалады.

"Құрылыс саласына 102 мың маман қажет болса, бұл бағытта 22 мың студент білім алып жатыр. Ауыл шаруашылығында 75 мың маманға қажеттілік бар, ал колледждерде 12 мың студент оқиды. Яғни даярланып жатқан кадр саны сұраныстан 5–7 есе аз. Сондықтан мемлекеттік тапсырысты өңірлер мен салалардың нақты қажеттілігіне қарай қайта бөлу қажет", – деді ол.

Сүлейменованың сөзінше, колледждердегі мамандықтар мен білім беру бағдарламалары да қайта қаралып жатыр. Сұраныс болмағандықтан 32 мамандықты, оның ішінде 41 жұмысшы біліктілігін алып тастау қарастырылған. Еңбек нарығының талабына сәйкес келмейтін 66 білім беру бағдарламасы тізілімнен шығарылды.

Сонымен қатар мамандықтар классификаторы 20 жаңа мамандықпен толықтырылып, олар бойынша 240 білім беру бағдарламасы әзірленген. Жұмысшы мамандықтарында оқитын студенттерге жасанды интеллект құралдарын кәсіби қызметте қолдану дағдылары да үйретілмек.

Колледж студенттерін әлеуметтік қолдау шаралары да кеңейтілген. Стипендия екі есеге өсіп, 40 мың теңгеге жетті. Жатақханамен қамту деңгейі 95 пайызды құрайды.

Болжам бойынша, технологиялық өзгерістерге байланысты алдағы уақытта 200-ден астам жаңа мамандық пайда болып, 100-ге жуық мамандық трансформацияланады. Ал 125 мамандыққа сұраныс төмендеуі мүмкін.

Қарлығаш Асқарова
Сейсенбі, 08 Қыркүйек, 2026 10:23