Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда оңалтуға арналған жабдықтарды жалға беру жоспарланып отыр

Фото: freepik.com

Қазақстанда техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз етудің жаңа жүйесі енгізіледі. Аталған жүйе құралдарды қайтару және қайта пайдалану мүмкіндігін қарастырады. Пилоттық жоба бойынша жабдықтар бұрынғыдай біржола берілмей, жалға ұсынылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың мәліметінше, жоба биыл жылдың екінші жартысында іске қосылады. 

“Қазіргі жүйе қайтарымсыз негізде жұмыс істейді және құралдардың нақты жағдайын, тозғанын және жөндеу мүмкіндігін толық ескермейді. Осыған байланысты жаңа тетік, яғни құралдарды жалға беру және кейін қайтару жүйесі іске қосылады. Биыл маусым айынан бастап пилоттық жоба Ақтөбе, Қарағанды және Павлодар облыстарында сынақтан өтеді”, –дейді министр. 

Министрдің сөзінше, қайтарылған техникалық құралдар арнайы сараптамадан өтеді. Соның нәтижесіне қарай оларды жөндеу, ауыстыру, қайта пайдалану, жалға беру немесе есептен шығару туралы шешім қабылданады.

“Мысалы, мүгедектігі бар адам техникалық құралды ауыстыру мерзімі аяқталған соң қайта жүгінеді. Егер құрал пайдалануға жарамды деп танылса, оған техникалық қызмет көрсетіліп, дезинфекция жасалады және қайта айналымға жіберіледі. Ал ақау анықталса, жөндеуге жіберіліп, кейін қайта пайдалануға беріледі. Ал егер құрал мүлде жарамсыз деп танылса, ол есептен шығарылады және өтініш берушіге жаңасы беріледі”, – деді министр.

 

Осылайша, қайтарымға негізделген жаңа модель оңалту құралдарын алу мерзімін қысқартып, олардың қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Жоба биыл, жылдың екінші жартысында іске қосылады.

Айта кетейік, бұған дейін Ұлытау облысында оңалту орталығы аутист баланы емдеуден бас тартқаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 21 Сәуір, 2026 09:54