Алматы облысында жер үй жарылып, үш адам жарақат алды: Тұрғын сервистік компанияны айыптап отыр

Алматы облысы, Екпінді ауылында жер үйде жарылыс болып, үй толық қирап, төрт адам жараланды. Үй иесі жарылысқа 30 жылдан бері ескірген жер астындағы құбыр себеп болғанын айтып, шағымданып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Апат отбасы мүшелері шырт ұйқыда жатқанда, таңғы бес жарым шамасында болған. Үй иесінің Самат Жайылхановтың айтуынша, газ жертөледен кіріп, үй ішіне тараған. Балалардың бірі ұйқыдан оянып, шай қою үшін сіріңке жаққанда жарылыс болған. Самат оқиға болар сәтте сыртқа шығып кеткен. Көз алдында үйіндіге айналған үйдің астында әйелі мен үш бірдей ұлы қалып кеткен.
“Оқиға орнында бәрі көрініп тұр, себеп газдан дейді. Бірақ менің үйімдегі газ плитадан не басқа құрылғыдан газ шыққан жоқ. Олардың айтуынша, газ клапанына байланысты сигнализация болуы керек екен. Сол жоқ деп, осыны себеп қылып жатыр. Бұл – менің жеке ойым. Ал Ерлан деген кісі "Біз кінәлі емеспіз, бұл біздің тараптан емес" деп отыр”, – деді ол.
Жарылыстан соң Самат отбасын дереу көршілерімен бірге құтқарып, ауруханаға жіберген. Ол болған жайттан басын ала қашып отырған "Газ сервис" өкілдерінің әрекетіне қынжылады. Себебі апат болған кезде келген мамандар абдырап қалған кісіні кінәлі қылып, "арыз-шағымым жоқ" дегізіп, құжатқа қол қойдырып алған.
Ал алты мыңнан аса халқы бар Екпінді ауылының тұрғындары да бұл апаттан соң уайымдап жүр. Себебі жарылыстан соң жер астынан көпіршік болып шығып жатқан газды олар да көрген.
“Газ құбыры жердің астымен өтеді. Сол себепті көршілердің бәрі, өзім де түнімен ұйықтай алмадық. Шынын айтқанда, бәріміздің бала-шағамыз бар. Адам қорқады. Айтуынша, жер астындағы құбыр шіріп жатыр екен. Егер рас болса, тағы бір жерден жарылуы мүмкін. Сонда бұған кім жауап береді?”, – деді Саматтың көршісі Ерлан Айжанов.
Оқыс оқиға бойынша "Алматы газ сервис" холдингінің мамандары мардымды жауап бере алмаған.
“Әзірге белгісіз. Қазір ТЖД тексеріп жатыр. Сол бітсін. Сосын көреміз. Біріншіден, біз шіріп кеткен жерін ауыстырамыз да, газды қайтадан жібереміз. Шірігені құбырдан үй ішіне газ тарады ма, оны білмеймін”, – деді "Алматыгазсервис" АҚ холдингінің бас инженері Ерлан Құмашев.
Дәрігерлер жарылыста зардап шеккен отбасы мүшелерінің жағдайы ауыр, бірақ тұрақты екенін мәлімдеді. Ауыл тұрғындары зардап шеккен отбасыға 2 миллион теңге жинап берген. Жергілікті әкімдік те алдағы уақытта әулеттің аяққа тұрып кетуі үшін ақшалай көмек берілетінін айтты. Себебі жарылыстың жойқын болғаны соншалық, үйдің түгі қалмай қирап, іргетасы ғана қалған.