Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ең төменгі жалақыны 150 мың теңгеге дейін көтеру мәселесі: Шешім биыл қабылданбайды

Қазақстанда ең төменгі жалақыны 150 мың теңгеге дейін көтеру мәселесі жыл соңына дейін талқыланады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мұны Үкіметтегі брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді. Министрдің айтуынша, бұл шара іс-қимыл жоспарына енгізілген.

“Жыл соңына дейін бұл мәселе қаралады. Себебі бұл талқылануы тиіс бастама және  жоспарға енгізілген. Бұған дейін де айтқанмын, жыл соңына дейін талқыланады”, – деді Ертаев.

Журналистер министрден “ең төменгі жалақы осы жылдың соңына дейін көтеріле ме?” деп сұрады. Ал министр нақты айтуға әлі ерте екенін жеткізді. 

“Қазір нақты айту қиын. Жыл соңына дейін есептеу әдістемесі анықталады. Сонымен қатар, жалақыны қанша мөлшерде көтеру керегі де белгіленеді”, – деді ол.

Ертаевтың сөзінше, бұдан кейін өзгерістер бюджет рәсімдерінен өтуі тиіс.

“Одан кейін бұл мәселені республикалық бюджет туралы заңға енгізу қажет болады. Демек бұл да белгілі бір уақыт алатын процесс”, – деді министр.

Министрдің айтуынша, ең төменгі жалақыны есептеу тәсілі оны арттыруға бағытталған.

“Жалақы медианалық табыс пен еңбек өнімділігінің өсуіне қарай кезең-кезеңімен көтеріледі”, – деді министр. 

Айта кетейік, бұған дейін Елімізде ең төменгі жалақы 150 мың теңгеге дейін көтерілуі мүмкін екені туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 21 Сәуір, 2026 12:19