Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жыл сайын 21 мыңнан астам бала көмек алады: "Самұрық-Қазына" Қазақстанда оңалту мен инклюзияны жүйелі түрде дамытып келеді

Жыл сайын 21 мыңнан астам бала көмек алады

Мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау “Самұрық-Қазына” компаниялар тобының әлеуметтік саясатындағы басым бағыттардың бірі болып қала береді. Samruk-Kazyna Trust қоры арқылы елімізде оңалту және инклюзивті білім беру инфрақұрылымы кезең-кезеңімен дамып, мыңдаған отбасына нақты көмек көрсетілуде.

Бүгінде республика бойынша 55 оңалту орталығы жұмыс істейді. Онда жыл сайын шамамен 21 мың бала кешенді көмек алады. 2025 жылы қор 13,2 млрд теңге сомасына 39 әлеуметтік жобаны қолдап, қолдау ауқымын кеңейтуді жалғастырды.

Астана қаласындағы оңалту орталығы – осы жүйелі жұмыстың нақты мысалы. Мұнда ай сайын шамамен 50 бала ем қабылдайды, жылдық көрсеткіш 600-ге жуықтайды. Орталық тірек-қимыл аппараты бұзылған, соның ішінде сал ауруы диагнозы қойылған балаларға мамандандырылған көмек көрсетеді.

Жыл сайын 21 мыңнан астам бала көмек алады

Орталықтың реабилитолог дәрігері Саодат Бабаханованың айтуынша, басты қағида – әр балаға жеке тәсіл қолдану.

“Біз өздігінен жүріп-тұруы, басын ұстап тұруы, тепе-теңдігін сақтауы қиын балаларды қабылдаймыз. Әр бала үшін оның жағдайы мен әлеуетін ескере отырып, жеке оңалту бағдарламасы әзірленеді. Біздің мақсатымыз – тек ем-шара жүргізу емес, баланың сақталған мүмкіндіктерін барынша дамытып, оның дербестігін арттыру”, – деді маман.

Оңалтудың орташа курсы 21 күнді құрайды. Бағдарламаға емдік дене шынықтыру, массаж, дефектолог және логопедпен жұмыс, қажет болған жағдайда психологиялық қолдау кіреді. Орталық заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген, бұл кешенді әрі сапалы оңалту жүргізуге мүмкіндік береді.

Жыл сайын 21 мыңнан астам бала көмек алады

Саодат Бабаханованың сөзінше, ата-аналар үшін маңызды жайт қосымша қаржылық шығындардың болмауы.

“Барлық қызмет пен қажетті құрал-жабдықтар қор жобасы аясында ұсынылады. Көптеген отбасылар үшін бұл сапалы оңалтуды қаржылық ауыртпалықсыз алу мүмкіндігі”, – деп атап өтті ол.

Орталық қызметіне сұраныс жоғары. Алдын ала жазылу кезінде күту мерзімі екі-үш айға дейін созылуы мүмкін. Бұл мамандандырылған көмектің маңыздылығын және осындай орталықтарға деген қажеттіліктің жоғары екенін көрсетеді.

Жыл сайын 21 мыңнан астам бала көмек алады

Оңалту бағытынан бөлек, “Самұрық-Қазына” қолдауымен инклюзивті білім беруді де белсенді түрде дамытып келеді. 2025 жылы Астана, Ақмола және Атырау облыстарындағы мектептерде 31 инклюзияны қолдау кабинеті ашылды. Бүгінде 2000-нан астам бала бейімделген ортада білім алуда.

Қор өкілдерінің айтуынша, әлеуметтік жобалар ұзақ мерзімді және тұрақты нәтиже беруге бағытталған.

“Маңыздысы – тек орталық ашу емес, жылдар бойы тиімді жұмыс істейтін қолдау жүйесін қалыптастыру. Балалардың әлеуетін ашуға жағдай жасау біздің басты міндетіміз”, – деді “Samruk-Kazyna Trust” корпоративтік қорының Бас директоры Альфия Адиева.

Осылайша “Самұрық-Қазына” жобалары оңалту, білім беру және әлеуметтік бейімдеу бағыттарын біріктіре отырып, жыл сайын ондаған мың қазақстандық отбасыға жан-жақты қолдау көрсетуде.

Айым Болатқызы
Бейсенбі, 19 Ақпан, 2026 14:56