Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада бір топ азамат есірткі жасауға арналған 4 тоннаға жуық шикізатты гаражда сақтаған

Фото: Polisia.kz

Астанада гараждың ішінен жасырын қойма табылды. Онда 4 тоннаға жуық есірткі жасауға арналған заттар болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Полицияның мәліметінше, есірткі таратушылар синтетикалық есірткі құралдары мен психоактивті заттарды жасырын өндіру үшін әртүрлі химиялық шикізатты пайдаланған.

Қаскүнемдер бұл заттарды жасырын түрде сатып алып, сақтап тасымалдаған. Сол арқылы олар “меф” пен “жылдамдық” сияқты адам өмірі мен денсаулығына өте қауіпті есірткілерді өндірмек болған.

“Осылайша, Астанада полиция жедел-іздестіру және арнайы іс-шаралар кешенін жүргізу нәтижесінде гараж кооперативінде жалпы салмағы 4 тонна болатын 200 канистрдан тұратын жасырын қойма анықталды. Онда синтетикалық есірткі дайындауға арналған прекурсорлар (шикізат) болған”, – деді ведомство. 

Полиция жыл басынан бері 16 сәуірге дейін 11 тоннадан астам прекурсор тәркіленгенін мәлімдеді. Мамандардың бағалауы бойынша, олардан шамамен 1,5 тонна синтетикалық есірткі дайындау жоспарланған. Ал мұндай заттарды заңсыз айналымға енгізгендерге 15 жылға дейін түрме жазасы қарастырылған.

STAN.KZ
Сейсенбі, 21 Сәуір, 2026 09:22