"Құн салығы алып тасталды, бірақ әуе рейстері арзандамады": Базарбек шенеуніктерді бос уәде бергені үшін сынға алды

Депутат Бақытжан Базарбек авиаотынға салынатын қосылған құн салығын алып тастағанымен, әуе билеттерінің бағасы арзандамағанын айтты. Оның сөзінше, билік бұл жеңілдікті енгізген кезде “билет бағасы төмендейді” деп уәде берген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оның сөзінше, Салық кодексін талқылау кезінде үкімет өкілдері кодекс күшіне енген соң алты ай ішінде талдау жүргізіп, ықтимал түзетулермен келуге уәде берген. Алайда қазір пленарлық отырыста бір жыл қажет екені айтылып жатыр дейді депутат.
Оқыңыз“Қазір ешқандай талдау да, түзету де жоқ. Ал сіздер пленарлық отырыста енді бір жыл керек деп айтып отырсыздар. Жұмыс тобында бір нәрсе айтасыздар, мұнда мүлде басқа сөз айтасыздар. Мен өз ұстанымымда қаламын. Біз Салық кодексі аясында қосылған құн салығын төлеуге міндеттілерді салықтан босаттық. Ал қосылған құн салығы жүктемесі керісінше босатылуға тиіс адамдарға түсті”, – деді Базарбек Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмринге қарата.
Мысал ретінде депутат авиаотын мәселесін келтірді. Оның айтуынша, билік қосылған құн салығын алып тастау арқылы 1 қаңтардан бастап әуе билеттерінің бағасы төмендейді деп уәде берген. Бірақ бұл орындалмаған.
“Сіздер авиаотын сатып алуды қосылған құн салығынан босаттыңыздар. Мұны немен түсіндірдіңіздер? “1 қаңтардан бастап әуе билеттері күрт арзандайды” дедіңіздер. Бірақ билеттер арзандаған жоқ, керісінше қымбаттады. Ал әуе компаниялары бұрын авиаотын үшін төлеп келген соманы өздерінде қалдырды. Бұл өте үлкен қаражат. Билет бағасының шамамен 60–70%-ы”, – деді депутат.
Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин әуе билеттерінің бағасын арзандату бұл жеңілдікті енгізудегі негізгі мақсаттардың бірі болғанын мойындады. Оның айтуынша, бұл мәселе бақылауға алынып, кейін жеңілдікті алып тастауға негіз болуы мүмкін.
“Бұл мәселені бақылауға аламыз. Бұл жеңілдікті жоюды бастауға негіздердің бірі болуы мүмкін. Сонымен қатар бюджет қалыптастыру кезінде қосымша кіріс әкелуі ықтимал”, – деді Әмрин.
Сонымен қатар ол министрлік алты ай ішінде талдау жүргізу туралы уәдеден бас тартпағанын айтты. Оның түсіндіруінше, жеңілдетілген декларация бойынша салық кезеңі – алты ай, ал төлем мерзімі – 25 тамыз. Осыдан кейін ведомство толыққанды талдау дайындай алады.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда әуе отыны бағасының төмендеуіне байланысты әуе билеттері арзандайтыны туралы жазған едік.
“Аула сыпырушы блогер ата”: “Қайратқа” 47 жылдан бері жанкүйер алматылық қария желі жұлдызына айналды