Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ағайындылар есірткі саудасын отбасылық кәсіпке айналдырған (видео)

Ағайындылар есірткіФото: Видеодан скрин

Қазақстанда жақын туыстар арасында есірткі қылмысы етек жайды. Алматыда салмағы шамамен бір келі синтетикалық есірткіні тасымалдаған екі ағайынды жігіт ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алматыда бұған дейін сотталған ағайындының үлкені інісін қылмыстық әрекетке тартқан.

"Ұстау кезінде альфа-PVP синтетикалық есірткісімен қатар оларға тиесілі тегіс ұңғылы кесілген мылтық және оған арналған оқ-дәрілер тәркіленді", – деп хабарлады ІІМ баспасөз қызметі.

Ал Алматы облысында екі ағайынды фитозертхана ұйымдастырған. Жалға алынған үйде саудалау үшін аса ірі көлемде марихуана өсірген. Жалпы салмағы 61 келілік 102 түп марихуана өсімдігі бар құмыралар, сондай-ақ жарықдиодты фитошамдар, желдету жүйелері және өзге де жабдықтар тәркіленді.

Сондай-ақ Алматыда тағы бір тұрғын есірткі таратып, әпкесінің сенімін пайдаланып, есірткіні оның пәтерінде буып-түйген. Ұстау кезінде одан 100-ден астам zip-lock пакет және шамамен 500 грамм мефедрон тәркіленді.

Бұдан бөлек есірткімен тағы бір жағдай тіркелді. Cәуір айының он күнінде заңсыз айналымнан бір тоннаға жуық есірткі, оның ішінде 800 келіден астам синтетикалық түрлері тәркіленді. Барлық күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған фактілер бойынша Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Баптың санкциясында мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

“Есірткі қылмысына қарсы күрес ІІМ қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді”, – деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов.

Ол есірткі өндіру мен таратудың кез келген әрекеті қатаң түрде тоқтатылатынын және осы бағыттағы жұмыс жалғасып жатқанын ескертті.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 15 Сәуір, 2026 10:14