Елена Рыбакина ұтып алған екінші Porsche көлігін не істейтінін айтты

Фото: Adam Pretty/Getty Images
Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Штутгарттағы турнирде жеңіске жетіп, екінші мәрте Porsche көлігін ұтып алды. Теннисші бұл жолы сыйға берілген автокөлікті сатпайтынын айтып, оны отбасымен және командасымен бірге пайдаланатынын жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Германияның Штутгарт қаласында өткен турнирде жеңіске жетіп, сыйға берілген екінші Porsche көлігін сатпайтынын мәлімдеді.
Айта кетейік, Рыбакина бұған дейін, 2024 жылы, осы турнирде топ жарып, Porsche Taycan 4S Sport Turismo автокөлігін ұтып алған еді. Ал биылғы жеңісінен кейін оған Porsche 911 табысталды.
Теннисші баспасөз мәслихатында екінші көлікті сатуды жоспарламайтынын айтты.
"Жоқ, мен оны міндетті түрде өзімде қалдырамын. Маған бұл көлік өте ұнайды. Оны тек мен ғана емес, үлкен командам мен отбасым да пайдалана алады", – деді Елена Рыбакина.
Сондай-ақ Рыбакина жарыстарға байланысты жиі сапарда болатынын, сондықтан көліктерін толық пайдаланып үлгермейтінін жеткізді. Оның айтуынша, маусым аяқталған соң осының орнын толтыруды жоспарлап отыр.
Спортшы бұл жолғы жеңістің ерекше әсер қалдырғанын да атап өтті. Бұған дейін жүргізуші куәлігі болмағандықтан, ұтып алған көлікті өзі айдай алмаған.
"Екі жыл бұрын көлікті ұтқанда, өзім жүргізе алмағаныма өкінішті болды. Ал қазір бәрі керемет. Сол кезде “үйге барып, көлік жүргізуді үйренуім керек” деп шешкен едім. Қазір соған қатты қуаныштымын", – деді Рыбакина.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Штутгарттағы турнирде жеңіске жетіп, 161 мың еуродан астам (шамамен 88,5 млн теңге) жүлде, 500 рейтингтік ұпай және Porsche 911 Carrera S көлігін иеленді. Финалда ол чех теннисшісі Каролина Мухован 7:5, 6:1 есебімен жеңіп, мансабындағы 13-ші титулын жеңіп алды. Бұған дейін, 2024 жылы, Рыбакина дәл осы турнирде топ жарып, Porsche Taycan 4S Sport Turismo көлігін алған еді.
Оқыңыз