Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда мораторий аяқталғаннан кейін бензин мен дизель отынының бағасы көтерілді

Фото: istockphoto.com

Қазақстанда мораторий аяқталғаннан кейін бензин мен дизель отынының бағасы өсуде. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Курсив басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Елімізде 2026 жылдың 31 наурызында Аи-92 бензині мен дизель отынының бөлшек сауда бағасын көтеруге қатысты мораторий аяқталды. Бұл шектеу 2025 жылдың 16 қазаннан бері қолданыста болды.

Осылайша, 1 сәуірден бастап жанармай құю бекеттері отын бағасын көтеру құқығына қайта ие болды. Бағаны алғашқылардың бірі болып Qazaq Oil брендімен жұмыс істейтін жанармай құю бекеттері (PetroRetail компаниясы) көтерді. Демалыс күндері Астанадағы осы желідегі бір литр Аи-92 бензинінің бағасы 237 теңгеден 238 теңгеге көтерілді (237 теңге бағасы 2025 жылдың қазанынан бері тұрақты еді), ал бір литр жазғы дизель отынының бағасы 327 теңгеден 328 теңгеге дейін өсті (ол да қазан айынан бері сол бағамен сатылып келген).

Соңғы жылдардың тәжірибесіне сүйенсек, Қазақстандағы ең ірі жанармай құю бекеттерінің желісі (компания сайтында желіде 370-тен астам бекет жұмыс істейтіні көрсетілген) алғашқылардың бірі болып бағаларды көтерген. Ол тек мемлекеттік реттеуге жататын отын түрлеріне ғана емес, сонымен бірге басқа отын түрлерінде де (Аи-95, Аи-98, қысқы дизель отыны) бағаны өсірген. Кейіннен басқа желілер де бағаны өсірген.



2025 жылдың 6 сәуіріндегі мәлімет бойынша, Астанағы осы жанармай құю бекеттеріндегі отын бағалары мынадай: Аи-98 – литрі 355 теңге, Аи-95 – 315 теңге, Аи-92 – 238 теңге, жазғы дизель отыны – 328 теңге.

Салыстыру үшін, 2025 жылдың 17 қазанында елордадағы осы желідегі бағалар былай болған: Аи-98 – литрі 316 теңге, Аи-95 – 289 теңге, Аи-92 – 237 теңге, жазғы дизель отыны – 327 теңге.

Яғни, Аи-98 бензині мораторий басталғаннан бері 12,3%-ға қымбаттаса, Аи-95 – 9%-ға өскен. Осылайша Аи-92 және дизель отынының бөлшек бағасы соңғы айларда Аи-98 және Аи-95 бензиндерінде байқалған кейінгі баға өсуіне ілесуі мүмкін деп болжайды сарапшылар.

Еске салсақ, бұған дейін энергетика министрлігі мораторий күшін жойса бензин бағасы қандай болады жауап берген еді. 

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 06 Сәуір, 2026 22:06