Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда криптовалютаны заңсыз айырбастаған топтан 10 миллион доллардан аса қаржы тәркіленді

криптовалюта
Фото: freepik.com

Қазақстанда 224 миллион доллар айналымы бар ірі көлеңкелі криптоқызмет жойылды. Қаржылық мониторинг агенттігі RAKS Exchange арқылы есірткі бизнесі мен интернет алаяқтықтан түскен қаражат жылыстатылғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ведомство мәліметінше, RAKS Exchange платформасы цифрлық активтер арқылы қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырумен және заңсыз табысты жылыстатумен айналысқан.

“Аталған қызмет арқылы Қазақстан, Ресей, Украина және Молдова аумағында жұмыс істеген 200-ден астам есірткі интернет дүкендері қаржы операцияларын жүргізген. Бұл платформа заңсыз саудадан түскен ақшаны аудару мен “тазартуға” пайдаланылған. Ал платформа айналымы 224 миллион доллардан (102,6 млрд теңге) асқан”, – делінген хабарламада.

Агенттік жүргізген ауқымды криптотергеу барысында Follow the Money тәсілі қолданылды. Осы әдіс арқылы есірткі бизнесі мен даркнет алаңдарына қатысы бар 4 мыңнан астам криптоәмиянға блокчейн-талдау жасалды.

“Нәтижесінде жалпы сомасы 9,7 миллион доллардан асатын цифрлық активтер бұғатталды. Оның ішінде 3,2 миллион доллар тәркіленіп, мемлекет пайдасына аударылған”, – делінген хабарламада.

Агенттік мәліметінше, бұл қаражаттың қылмыстық жолмен алынғаны дәлелденді. Жүргізілген операция нәтижесінде есірткі жеткізу арналары тоқтатылып, тарату инфрақұрылымы жойылды. Сонымен қатар бірқатар интернет дүкендердің қызметі толық тоқтатылды.

Агенттік бұл бағытта жұмыс жалғасатынын мәлімдеді.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда 185 миллион теңгеге криптовалюта өндірген заңсыз майнер сотталғаны туралы жазған едік.

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 29 Сәуір, 2026 10:02