Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мемлекетті алдаған миллионер: Қазақстанда ірі кәсіпкер масқарамен ұсталып, “қара тізімге” ілікті

Николай Рогонов
Фото: forbes.kz

Қытай техникасын жеткізумен айналысатын ірі компания "NKB GROUP KAZAKHSTAN" мемлекеттік сатып алулардан екі жылға шеттетілді. Кәсіпорын мемлекеттік ұйымдарды алдады және талапқа сай келмейтін техниканы жеткізуге әрекет жасағаны үшін сенімсіз жеткізушілер тізіміне енгізілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Журналист Михаил Козачковтың желідегі арнасында Қазақстанда қытайлық арнайы техниканы жеткізумен айналысатын NKB GROUP KAZAKHSTAN жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мемлекеттік сатып алулар жүйесінен уақытша шеттетілгенін жазды. Компания екі жылға сенімсіз жеткізушілер тізіміне енгізілді.

Аталған кәсіпорынның иесі кәсіпкер Николай Рогонов. Бұған дейін оның компаниясы бірнеше мемлекеттік мекеме мен кеден органдарын алдағаны туралы деректер жарияланған.

Тексеру барысында компания қызметкерлері экологиялық талаптарға сай келмейтін жүк көліктерін Қазақстанға заңсыз әкелгені анықталған. Құжаттарда күмәнді мәліметтер тіркеліп, бұл заңбұзушылық шекарада әшкереленген. Осылайша, қылмыстық іс қозғалып, кінәлілер шартты жаза алған.

Ал заңсыз әкелінген өздігінен жүк түсіретін көлік тәркіленді. Сонымен қатар NKB GROUP KAZAKHSTAN мемлекеттік сатып алуларға қатысып, тапсырыс берушілерге техникалық талаптарға сай келмейтін өнім ұсынған. Мәселен, өткен жылы елордада компания Астана-Энергия үшін 94 миллион теңгеге дөңгелекті экскаватор жеткізу тендерін жеңіп алған.

Алайда тапсырыс берушіге ұсынылған техника келісімшарт талаптарына сәйкес келмеген. Экскаватордың техникалық сипаттамалары төмен болып шыққан, сондай-ақ қазақ және орыс тілдеріндегі қажетті құжаттар да болмаған. Осыдан кейін компанияға қатысты сотқа талап арыз түсіріліп, бірінші инстанция шешімімен ол жосықсыз жеткізуші деп танылды.

Ұқсас жағдай Алматыда да тіркелген. ҚазАвтоЖол 1,5 миллиард теңгеге 50 экскаватор-жүк тиегіш сатып алуды жоспарлаған. Бұл тендерді де "NKB GROUP KAZAKHSTAN" ұтып алғанымен, компания техниканы белгіленген мерзімде жеткізе алмаған.

Сот бұл жағдайда да кәсіпорынның әрекетін заңбұзушылық деп танып, оны мемлекеттік сатып алулардан шеттету туралы шешім шығарды. Компания өкілдері сот шешімдеріне апелляциялық шағым түсіргенімен, Астана қалалық соты істі қайта қарап, алғашқы шешімді өзгеріссіз қалдырды. Осылайша, "NKB GROUP KAZAKHSTAN" екі жыл бойы мемлекеттік сатып алуларға қатыса алмайды.

Сарапшылардың айтуынша, осы жағдай мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі олқылықтарды тағы бір рет көрсетті. Теория жүзінде мұндай жүйе тәжірибесі мол, сенімді компанияларды іріктеуге бағытталған. Алайда іс жүзінде кейбір ірі жеткізушілер сапасыз өнім ұсынып, міндеттемелерін орындамай жатады. Мамандар мұндай жағдайлар адал бәсекелестікке кері әсер етіп, мемлекеттік қаражаттың тиімсіз жұмсалуына әкелетінін атап өтеді. Сондықтан аталған оқиға басқа кәсіпкерлер үшін де сабақ болуға тиіс.

Еске салайық, бұған дейін Батыс Қазақстан облысында мәслихат депутаты Минасян Оганеске тиесілі “Ануш Құрылыс” компаниясының жол жөндеу жұмысына қатысты дау туындаған еді. Компания 2,8 миллиард теңгеге тендерді жеңіп алғанымен, төселген асфальт сапасыз болып шыққаны айтылды. Сараптама қорытындысы бойынша жұмыстар қабылданбай, мердігерге қатысты сотқа талап-арыз берілген. Осылайша, сот шешімімен компаниядан 11,5 миллион теңге көлемінде айыппұл өндірілді.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 29 Сәуір, 2026 09:27