Қазақстанда ерлі-зайыпты порностудия ұйымдастырып, қыздарды түсірілімге тартқан

Қазақстанда адам саудасы мен моральдық нормаларды өрескел бұзатын қылмыстық схемалар әшкереленді. Жаңа туған сәбиді сату, жастарды вебкам индустриясына тарту және ВИЧ инфекциясын әдейі жұқтыру фактілері тіркелді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мәліметтерге сенсек, сәуір айында республика аумағында ІІМ "STOP трафик" атты кезекті кең ауқымды жедел-профилактикалық іс-шара ұйымдастырды. Осылайша, адам саудасына қатысты 41 қылмыс тіркелді, соның ішінде 9 дерек кәмелетке толмағандарға қатысты.
"Қызылорда облысында жаңа туған нәрестені сату схемасы анықталды. Белгілі болғандай, 25 жастағы әйел бала туғанға дейін де, кейін де арнайы қоғамдық қорда тұрған. Баладан бас тартуына байланысты қор жетекшісі делдал ретінде оны облыстың 50 жастағы тұрғынына әрі қарай асырап алу үшін 1 миллион теңгеге сатуды ұсынған. Үшеуі де уақытша ұстау изоляторына қамалды", – деді ішкі істер министрлігі ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
Алматыда адамдарды қылмыстық мақсатта пайдалану үшін саудалаумен айналысқан ұйымдасқан топқа қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Қылмыстық топ тұрақты мекенжайы жоқ адамдарды іздеп тауып, оларды пайдалану үшін жалдап, кейін олардың атына қымбат автокөліктер рәсімдеу үшін жасанды "оң" несие тарихын қалыптастырған. Көліктер Алматы, Шымкент қалаларында тіркеліп, кейін сатылған. Қазір негізгі ұйымдастырушылар ұсталды. Тергеу жалғасып жатыр.
Жетісу облысында жедел-іздестіру шаралары барысында 2005 және 2007 жылы туған екі жасөспірімге қатысты мәжбүрлі еңбек фактісі анықталып, жолы кесілді. Оларды ұрлап әкетіп, бір ай бойы күш қолдану арқылы заңсыз ұстап, тұрмыстық химия өндіретін жерде еңбекке жеккені белгілі болды. Аталған факті бойынша адамды қанау мақсатында ұрлау бабымен қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетілді.
"Жастарды деструктивті және азғын әрекеттерге тартатын, заңсыз контент тарататын тұлғалар мен топтарды анықтауға ерекше назар аударылады. Мұндай әрекеттер қоғамның моральдық-адамгершілік ахуалына, отбасы институтына және жас ұрпақ тәрбиесіне кері әсер етеді", – деді Қуандық Алпыс.
Абай облысында жүйелі табыс табу мақсатында Қазақстанның бірнеше қаласында вебкам бизнеске арналған порностудиялар ұйымдастырған ерлі-зайыпты ұсталды. Олар өзара міндеттерді бөлісіп, модельдік келбеті бар жас қыздарды іздеп, жалдаумен және порнографиялық сипаттағы түсірілімдерге арналған орындарды ұйымдастырумен айналысқан. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.
Сонымен қатар Астана, Алматы қалаларында және Абай, Атырау, Жамбыл, Павлодар, Маңғыстау облыстарында заңсыз әрекеттерге қатысы бар тұлғаларға қатысты 20 қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ ВИЧ инфекциясын жұқтыру бойынша 15, порнографиялық материалдарды заңсыз тарату бойынша 5 сотқа дейінгі тергеу басталды.
"Адам саудасына қарсы күрес, азаматтардың құқықтарын қорғау, қоғамдық адамгершілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары жалғасады", – деп түйіндеді спикер.
Еске салайық, бұған дейін елімізде адам саудасына қатысы бар екі қылмыстық топтың мүшелері қамауға алынғанын жазғанбыз. Күдіктілер интернет-ресурстарды пайдаланып, жыныстық қанауға қатысты заңсыз қызмет түрлерін жарнамалап, жүргізген. Олардың әрекеті ұйымдасқан сипатқа ие болып, миллиардтаған табыс әкелген. Алдын ала деректер бойынша, қылмыстық топтың күнделікті табысы 1,5 млн теңгеге дейін жеткен, ал 2024 жылдың басынан бері қаржы айналымы 1,7 млрд теңгеден асқан.
Оқыңыз